Қазақстанның электрондық үкіметінің көрсеткіші жоғарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның электрондық үкіметінің көрсеткіші жоғарылады

26.06.2014
Қазақстанның электрондық үкіметінің көрсеткіші жоғарылады
Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының электрондық үкіметті дамыту жөніндегі рейтингіне сәйкес өзінің көрсеткішін 10 сатыға жақсартты. Осылайша, еліміз 193 мемлекет ішінде 38-орыннан 28-ші орынға көтерілді. 
 
Электрондық үкіметті дамыту индексі адами капиталдың, телекоммуникациялық құрылым мен онлайн-қызметтің көрсеткіштерінен құралады. Бүгінгі таңда қазақстандықтардың компьютерлік сауаттылық деңгейі 63 пайыз, ал ғаламторға қол жетімділігі 67,6 пайызды құрап отыр.
 
Астаналық Владилен Насыров мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүргізуші куәлігін алу үшін келді. Санаулы минуттарда құжаттарын рәсімдеді. Аз уақытта емтихан тапсыру залында теориялық білімін тексерді. Сынақтан сүрінбей өткен ол сол орталықтағы көлік жүргізу алаңына келіп, тәжірибеден өтті.
 
Владилен Насыров, Астана қаласының тұрғыны:
Ең бастысы, алтыннан қымбат уақытымыз үнемделеді. Бұрын куәлікті алу үшін бірнеше есіктің табалдырығын тоздырушы едік. Ал қазір бәрі бір жерде. Бір есіктен кіріп, бір есіктен шығасың.
 
Бүгінгі таңда әрбір қазақстандық электрондық үкімет порталы арқылы 600-ге жуық қызмет түрін пайдалана алады. E-gov пайдаланушылар болса күн санап артып келеді.
 
Толқын Ілиясова, Астана қалалық мамандандырылған ХҚКО басшысы:
2013 жылдың 2-ші қыркүйегінен бастап жұмыс істейміз. Бүгінгі күнге 80 883 автокөлік тұрақты тіркеуге қойылды, шығарылды. 8383 жүргізуші куәлігі берілді.
 
Электронды үкіметтің келесі кезеңі мобильді үкімет. Жыл соңына дейін 50-ге жуық қызмет түрін мобильді құрылғылар арқылы жүзеге асыруға болады.
 
Қуаныш СЕРІКҚАНОВ

Хабарламаларға жазылу