Сәлима Әбдірахманова осыдан 4 жыл бұрын қоларбаға таңылды. Емін-еркін жүруден қалған ол - пандус аталатын арнайы баспалдақтың зардабын тартып жүргендердің бірі.
«Төрт қабырғаға қарап отыру қиын. Біраз жерге барғым-ақ келеді. Бірақ, мен секілді жандарға жағдай жасалмаған»,- деп қынжылады ол.
Сәлима Әбдірахманова, І топтағы мүгедек:
Кейбір мекемелерге барған кезде тіпті пандустары жоқ жерлер бар. Ал, кейбір жерлердің пандустары дұрыс жасалмаған. Дүкендерде тіптен жоқ.
Ал, әлеуметтік сала мамандары мүгедектердің мемлекеттік мекемелер мен басқа да нысандарға кедергісіз кіріп-шығуын қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар жасап жатқанын жеткізді.
Алтын Итенқызы, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:
Жаңа салынып жатқан жобалар мүгедектердің жүріп-тұруына сай келмесе, қабылданбайды. Бақылау басқармалары арқылы барлық мекемелерге хаттамалар жолдап жатырмыз.
Сәлима апай сияқты арбамен қозғалатын жандардың арасында Халыққа қызмет көрсету орталығы, салық басқармасы, дәріханалар мен дүкендер, емханаларға барып, кіре алмай қайтатындар көп.
Өйткені, мұнда пандустар талапқа сай емес. Кейбіреулерінде тіпті атымен жоқ. Бұл меншік иелерінің жарымжан азаматтардың қауқарсыз халіне бей-жай қарайтынын көрсетсе керек.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ