Басты Жаңалықтар Еліміз бойынша 150-ден астам ауыл ауызсусыз күн кешуде

Еліміз бойынша 150-ден астам ауыл ауызсусыз күн кешуде

Еліміз бойынша 150-ден астам ауыл ауызсусыз күн кешуде
Ел тұрғындарының  50 пайызы ғана ауызсумен қамтылған. Ал, қалған жартысы таза суға жарымай отыр.
 
Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 49 ауылдың тұрғындары ауызсудан тарығып күн кешуде.
 
Ақмола облысындағы мына ауыл дәмі кермек татыған су ішіп отыр. Бұл құдық жуырда қазылған. Тереңдігі небәрі 5-6 метрден тартылатын судың түсі қап-қара. Ішпек тұрмақ, киімді ойланып жуасың.                                                                                                                    
 
Ұлбосын Айтбаева, ауыл тұрғыны:                                                                  
Ішуге келмейді. Қолымызды, бетімізді жусақ, жарылып кетеді.                                                                                                                                
 
Күнделікті таза суды сатып алуды зейнеткердің қалтасы көтермейді. Қалаға барып, су әкелу тағы мұң.
 
Сәкен Сейітханұлы, тілші:                                                                              
Бұл судың түсі мөлдір болғанымен, ішуге жарамсыз. Дәмі ащы, иісі қолқаны қабатын жағымсыз. Зертхана мұны ішуге жарамысыз, деп таныған. Дей тұрғанмен, ауыл тұрғындары осы суды пайдалануға мәжбүр. Өйткені, дүкеннен не болмаса, қаладан барып, таза су сатып әкелуге олардың мүмкіндігі жоқ.                   
 
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданының мыңдаған тұрғыны ауызсуға  жарымай отыр. Шипалы суымен танымал ауданда әлі күнге 49 елді мекенге су құбырлары тартылмапты.
 
Кей ауылдарда салынған ұңғымалар пайдаланылмай жатып, жарамсыз күйге түскен. Тіршілік нәрінен тарыққан жұрт амал жоқ, қоқыс толы ағын суды тұтынуға мәжбүр. 
 
Алтынай Тұрмақашева, Алпамыс батыр ауылының тұрғыны:
Суды бір ай, екі ай сақтап ішеміз. Қыста су болмайды.  Балаларымыз сол судан  ауру жұқтырады.
 
Су ресурстары комитеті төрағасы орынбасарының мәліметінше,  «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында жұмыс атқарылып жатыр.
 
Бұл жоба бойынша бірінші шөлдеп, кенезесі кепкен ауылдарға су тартылады. Ал, суы аздау жерлер күте тұрады.          
 
Болат Бекнияз, ҚР ҚОСРМ Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
Жаңа құбырлар бар. Соны салып жатырмыз. Көп нысандар бітті. Ең үлкен  нысан - «Арал-Сарыбұлақ» су құбыры.  Арал, Қазалы аудандарын сумен қамтып отыр.
 
Бүгінде еліміз бойынша 150-ден астам ауыл ауызсусыз күн кешуде. Олардың тіршілік нәріне  қашан қарық болатыны әзірге белгісіз. 
 
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ
Бөлісу