Семей тұрғыны шағын және орта бизнеске жарияланған мораторийге байланысты өзінің еңбек құқығын қорғай алмай жүр. Ерлан Бексұлтанов жұмыс істеген мекеме басшысы, оны еңбек шартында көрсетілген мерзімнен артық жұмыс істеуге мәжбүрлеген.
Ол үшін ешқандай ақы төлемейтіндігін айтқан. Сөйтіп, мұндай заңсыздыққа келіспеген жігіт жұмыстан қуылыпты. Ал, құзырлы органдар «бизнесті тексеруге жарияланған мораторийге орай қарапайым жұмысшының құқығын қорғауға қауқарсызбыз»,-дейді.
Ерлан Бексұлтанов - Семейдегі «Мегастрой» құрылыс дүкенінде еңбек етіп келген. Келісім шартта көрсетілгендей, 8 сағаттық жұмысын мінсіз атқардым,-дейді өзі. Жақында басшылық оған қосымша тағы екі сағат жұмыс жүктеген. Бірақ, ол үшін, қайтадан келісім шарт жасалмаған. Ақысыз еңбек етуден бас тартқан жігітті кәсіпкер жұмыстан мүлдем шығарып жіберген.
Ескендір Түсіпов, Ерлан Бексұлтановтың әкесі:
Инспекцияға жүгіндік, прокуратурага жүгіндік. Заңгерлерге де жүгіндік. Жұмысқа алмайды.
Құзырлы органдардан көмек болмаған соң, ұлының құқығын қорғауға Ерланның әкесі араласқан көрінеді. «Мегастрой» дүкенінің басшысы, осы мәселеге қатысты барлығы заң жүзінде екендігін айтып, бізге сұхбат беруден бас тартты. Ал, еңбек заңын бақылау бөлімінің мамандары болса, бұл дауға араласуға әзірге қауқарсызбыз,-дейді.
Тоқтарбек Түсіпбаев, Семей қаласы бойынша еңбек заңын бақылау бөлімінің жетекшісі:
ҚР Президентінің Жарлығы бар. Ол Жарлықта «шағын және орта бизнеске, кәсіпкерлікке тексеру жүргізілмесін», деген. Соған байланысты бізге түскен өтініштер мен арыздар бірінші Бас прокуратурамен келісіледі. Егер рұқсат берілетін болса, біз тексереміз. Рұқсат берілмейтін болса, біз тексермейміз.
Заң бұзушылықты тексеруге жергілікті прокуратура да, ешқандай рұқсат бермеген. Тек «шағымданған тарап түйткілді сот арқылы шешсін», -деген жауап айтқан.
Ескендір Түсіпов, Ерлан Бексұлтановтың әкесі:
ОларПрезиденттің Жарлығы бойынша мораторий,дейді. Сонда Президент «қарапайым елдің құқығын аяққа тапта»,деген жоқ шығар.
Еш себепсіз жұмыстан босап қалған Ерлан Бексұлтанов болса, «Елбасының бизнеске жасаған жеңілдігін жамылып, заң бұзған басшы енді сот арқылы жауапқа тартылсын», деп отыр.
Ержан ЖАҚЫП