Жезқазғанда 1400 адам үй кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазғанда 1400 адам үй кезегінде тұр

21.06.2014
Жезқазғанда 1400 адам үй кезегінде тұр

Жыл соңына дейін Жезқазғандағы тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың көпшілігі баспаналы болады. Қазір қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр.

 
Ал, Сәтбаев қаласы маңында бірқатар геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.
 
Қазір Жезқазғанда 1400 адам үй кезегінде тұр. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, соңғы 5 жылда мысты шаһарда бірде-бір тұрғын үй салынбаған.
 
Себебі, алдымен қалаға қосымша жылу энергия жүйесін тарту керек. Тек биылдан бастап, шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында жылу мен су жүйелері толық жаңартылып жатыр.
 
Осыған сәйкес, мына 5 қабатты үш бірдей тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 100 отбасы баспаналы болады.
 
Сонымен қатар, 320 орындық балабақша құрылысы да қарқынды жүруде.  
 
Бұл қаладағы бүлдіршіндерге 100 пайыз мектеп жасына дейінгі тәрбие беруге жеткілікті.
 
Сапарбек Оспанов, Жезқазған қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Қазіргі күні балабақша құрылысы бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Қажетті құрылыс материалдары толық жеткізілген, жұмыс күші бар. 2015 жылы әлеуметтік нысанды ел игілігіне тапсырамыз, деп жоспарлап отырмыз.
 
Бүгінде өңір экономикасын әртараптандырып, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау үшін шағын қалаларды дамыту бағдарламасы аясында республикалық қазынадан 110 миллион теңге субсидия бөлініп отыр.
 
Бағдарламада әсіресе, жаңа кен орындарын ашуға басымдық берілген. Геологиялық барлау жұмыстарының дені Сәтбаев қаласының аумағында жүргізіледі.
 
Әнуар Омар, Сәтбаев қаласының әкімі:
Кен барлау жұмыстарының нәтижесінде осы жерлерде кеннің қоры көзделіп, болжанып отырғандай анықталса, бұл аймақтың болашағы зор. Қазірдің өзінде 25-50 жылдық қор бар десек, алдағы уақытта одан бірнеше есеге дейін көтерілетін жағдайы бар.
 
Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша Жезқазған қаласында 500 науқасқа арналған емхана салу жоспарда тұр.
 
Сонымен қатар, орталық саябақ қалыпқа келтіріліп, көшелер абаттандырылады.
 
«Өңірдегі ең өзекті мәселелердің бірі ауызсу тапшылығы да «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде шешімін табады», - дейді жергілікті билік өкілдері. 
 
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу