Қызылордалық келіншек бала сүю бақытынан айырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық келіншек бала сүю бақытынан айырылды

19.06.2014
Қызылордалық келіншек бала сүю бақытынан айырылды
Қызылордалық Жәмиғат Кәрібаева әділдік іздеп, арнамызға хабарласты. Айтуынша, дәрігерлердің қатесінен  21 жастағы келіншек  бала көтеру бақытынан айырылған.
 
1-маусым күні ай-күні толып, қалалық перзентханаға жеткізілген Жәмиғатқа кесарь тілігі операциясы жасалып, ұлды болады.
 
Алайда, осы операциядан соң оның жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер науқастың жатырын алып тастауға мәжбүр болды.
 
Бекзат есімді мына батыр - Жәмиғаттың тұла бойы тұңғышы әрі жалғызы. Етегі жасқа толған жас ана бауыр еті -  баласының аман қалғанына шүкір, дейді.
 
Бірақ, өкініш пен өкпе өзегін өртеп барады. 17 сағат бойы толғатып, өздігінен босана алмаған соң оған дәрігерлер кесарь тілігін жасаған.
 
Үш күннен соң науқастың құрсақ тұсы ісініп, тігіс түскен жерден жағымсыз иіс шыққан. Кейін дене қызуы көтеріліп, жағдайы нашарлаған. Осыдан кейін ол екінші рет пышаққа түсті.
 
Жәмиғат Кәрібаева, қала тұрғыны:
Операция жасалып болғаннан кейін барып, жатырды алып тастадық, деп айтты. Ұлың бар ғой сенің, біреу болса да, қыз емес қой, деп мазақ қылғандай айтты. Мен әлі жаспын ғой, 21 жастамын. Керекті құжаттарына ғана қол қойдырып алды. Одан кейін ештеңе айтқан жоқ. Дұрыстап жауап беріп тұрған жоқ.
 
Қалалық перзентхана басшылығы болса операция алдында науқастан тиісті рұқсат алынғанын мәлімдеді.
 
Олег Ким, қалалық перзентхана бас дәрігерінің орынбасары:
Барлық хирургиялық операциялар науқастың рұқсатымен жасалады. Біз екі операцияға да рұқсат алдық. Екінші операцияны келіншектің өміріне қауіп төнген соң жасадық. Егер бұл операция жасалмағанда, жағдай мүлдем ушығар еді.
 
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасындағылар бұл жағдайдың жіті зерттелетінін жеткізді.
 
Жанат Қожабекова, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
Біздің тарапымыздан зерделенуде. Бүгінгі таңда толық қорытындысы жоқ. Қорытындысын жасап, бір шешімге келгеннен кейін әрі қарай дәрігермен жұмысты жалғастырамыз.
 
Жәмиғаттың анасы қалалық Ішкі істер басқармасына шағымданды. Мәселенің ақ-қарасын анықтау ісі құқық қорғау органдарының еншісінде.
 
Жалғыз қызының жан азабын көріп, жүрегі езілген ана кінәлілер анықталады, деп үміттенеді.
 
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу