Елордаға жақын орналасқан Бурабай курорттық аймағына халық жиі барады. Шетелдіктер табиғатына қызығып, көліне шомылады. Астаналықтар демалысқа барады. Басқа қаланың тұрғындары ем алады. Енді жол шығыны азайды. 9-маусымнан бастап, «Астана-Бурабай» бағытындағы пойыз енді күнделікті жүреді.
Бурабай тұрғыны Бақыт Аққожина отбасымен ауылға жол тартты. Астанаға жиі келіп тұратын ол бүгін жаңа пойызға бірінші рет мінді. Бұрынырақта ескі вагондармен жүрген Бақыт «Оқжетпес» пойызының жайлылығына риза.
Бақыт Аққожина, Ақмола облысының тұрғыны:
Бірінші рет мініп отырмыз. Өте ыңғайлы осы пойыз.
«Қазақстан теміржолы» компаниясы биыл жаңа 5 электр пойызын сатып алды. Соның үшеуі «Астана-Бурабай-Көкшетау» бағытында жүреді. Ал, екеуі Астана мен Қарағанды арасына қатынайды.
Сұлтан Табынбаев, «Қала маңындағы тасымал» АҚ вице-президенті:
Жазғы уақытта Бурабай көліне қатынайтын халықтың сұраныстары болған. Сондықтан, жаңа пойыз күнделікті кешкі сағат 18:55-те жүретін болады. 2 сағат 50 минутта Бурабайға барады. Жолда тоқтайтын аялдама жоқ.
Күнделікті 2 рет жүретін бұл пойыз таңертең сағат 7:25-те Көкшетауға аттанады. Жолай Бурабайға тоқтайды.
Баян Суннатова, «Қала маңындағы тасымал» АҚ президенті:
Жаңа вагондарда жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Жұмсақ ұшақтағы секілді аргономикалық орындықтар, теледидар, wi-fi, ақпарат беретін жүгіртпе жол бар. Салқындатқыш құралдар жұмыс істеп тұр.
«Оқжетпес» пойызына билетті терминалдан да, кассадан да сатып алуға болады. Құны қымбат емес. І санаттағы орындар -1 100 теңге, екінші санат - 1000, үшінші санат - 800 теңге.
Егер халық жиі қолданса, «Астана-Бурабай» электр пойызы жыл соңына дейін қатынап тұрады.
Сәкен СЕЙІТХАНҰЛЫ