«Шапито» циркінің ұжымы Өскемендегі мамандандырылған балалар үйінде тегін өнер көрсетті. Кішкентай балалар бір сағат бойы сиқыршылар мен сайқымазақтардың қойылымын тамашалап, естен кетпес көңілді концерттің куәсі болды.
Қайырымдылық шарасын Ауған соғысы ардагерлерінің қауымдастығы цирк ұжымымен бірлесіп ұйымдастырған. Еліміздегі «Шапито» циркі биылғы гастрольдік сапарын Шығыс Қазақстан облысынан бастапты. Шағын ұжым бұл өңірде 2 апта бойы болады.
Цирк қызметкерлері алдағы уақытта бірнеше балалар үйінде тегін өнер көрсетіп, ата-ана қамқорынсыз қалған балғындарға базарлық тарту етпек. Бұдан басқа, Ауған соғысы ардагерлерінің отбасыларында да болып, циркке тегін билет таратты. Мұндай әлеуметтік жоба еліміздің барлық қалаларында ұйымдастырылады.
Гүлнәр Тыныбаева, мамандандырылған балалар үйі бас дәрігерінің уақытша міндетін атқарушы:
Біз әрқашан келгендеріне қуанамыз. Өйткені, балалардың ой-өрісі кеңейіп, циркті көрді, сайқымазақтармен танысты. Жиі-жиі келіп тұрса, біз разы боламыз.
Берік КӨШЕРБАЕВ