Оңтүстік Қазақстан облысы: Қорықтың жанынан заңсыз қазба байлықтар алынуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысы: Қорықтың жанынан заңсыз қазба байлықтар алынуда

16.06.2014
Оңтүстік Қазақстан облысы: Қорықтың жанынан заңсыз қазба байлықтар алынуда
 
Қазба байлыққа қызыққандар енді қорықтардың маңына көз тіге бастады. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсу жабағылы және Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық паркінің қорғау аймағын белгісіз компания қазып тастаған.
 
Табиғат қорғаушылар  бұл әрекеттердің қоршаған ортаға орасан зиянды екенін айтады. Алайда олардың ескертпелерін тыңдайтын жан жоқ.   
 
Түлкібас ауданындағы Ақсу жабағылы қорығы мен Сайрам-Өгем ұлттық паркінің маңында қазір қарбалас. Ауыр техника Иірсу өзені жанындағы қыраттың беткі қабатын қазуда.
 
 Алайда табиғат жанашырлары бұл жерлер қорғау аймағына жататынын айтады.
 
Балхаш Қыстаубаев, Оңтүстік Қазақстан облысы Орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
Қызыл кітапқа енген өсімдіктердің біразы жойылды. Топырақтың астында қалды. Осы жұмыс одан әрі жалғасатын болса, қазылған жердің көлемі әрі үлкейе бермек.
 
Сала мамандары «мұндай ашық әдіспен игеру  соңы табиғи су көздерінің ластанып, өсімдік дүниесінің бүлінуіне әкеп соғады», дейді. Мәселен, былтырғы қазу жұмыстарынан кейін қырат беттерінде топырақ көшкіндері болған.
 
Тіпті техниканың шуылынан осы маңды мекендеген аң-құстар да басқа жаққа ауып кетіпті.
 
Сахи Қынтаев, Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Түлкібас филиалының директоры:
Мынау тұрған - Ақсу. Бүкіл жер жүзіне белгілі каньон. Бүкіл шетелдіктер осы Ақсуға келеді. Ал, енді мен бұл жерде аң қалады деп айта алмаймын. 
 
Иірсудағы аумақты қазып жатқандар болса, нақты қай мекеменің тапсырыс бергенін ашып айтпайды. Барлығы да мердігерміз деп басын алып қашты.
 
Айнұр Ақбаева, тілші:
Өткен жылдан бері ерекше қорғаудағы аумақтың бір гектар жері қазылып кеткен. Табиғат қорғаушылары болса, «мұндай көлемдегі жерді қайта қалпына келтіру үшін бір ғасырға жуық уақыт керек», дейді.
 
Белгілісі өңірдің экологтары бұл компания табиғатқа 29 миллион теңге көлемінде залал келтірді деген қортынды жасаған. Осының негізінде аудандық прокурорлар «Қоршаған ортаға зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғапты.
 
Махат Зұлпыхаров,Түлкібас ауданының прокуроры: 
Жұмыс істеп жатқан белгісіз тұлғалардың ол жерді қазуға ешқандай құжаттары болмаған. Рұқсаты да ,келісімшарты да жоқ.
 
Алайда қылмыстық істің қозғалғанына төрт ай өтсе де, жер қыртысын бұзғандардың қай мекемеге тиесілі екені анықталмай келеді. Ешкімнен ескерту алмағандар болса, табиғатқа зиян келтіруін тоқтатпай отыр.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу