Түркістандық Еркін Шалтанов - елге еңбекқорлығымен танылған жан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандық Еркін Шалтанов - елге еңбекқорлығымен танылған жан

13.06.2014
Түркістандық Еркін Шалтанов - елге еңбекқорлығымен танылған жан

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау барынша көрсетіліп келеді. Соның арқасында әр аймақта тағдырдың салғанына көніп жата бермей, кәсібін ашып, тірлігін дөңгелетіп отырған азаматтар көп.

 
Түркістандық Еркін Шалтанов - елге еңбекқорлығымен танылған жан. Арбаға таңылған апталдай азамат осыдан 13 жыл бұрын омыртқасы зақымданып, өздігінен жүре алмай қалған.
 
Жігерлі жігіт қамығып жатып қалған жоқ. Қайта қоғамдық бірлестік құрып, жастар клубын ашты.
 
Қазір әкімдік берген 2 бөлмелі шағын ғимарат ішінен тiгiн цехын ашып, 12 адамға жұмыс беріп отыр.
 
Еркін Шалтан, кәсіпкер:
Егер ер-жігіт тұлпарынан құласа, оны жұбатпаңдар, ол жылағанда өзін-өзі қайрайды, дейді. Сол себепті ер деген атқа лайықты болайық. Мемлекет мүмкіндік беріп жатыр.
 
Дүниеге қол-аяқсыз келген оралдық Гордей Трищенков дені сау кей адамдардан артық еңбектенбесе, кем түспейді.
 
Компьютерді жетік меңгерген білікті маман ақпарат орталығында жұмыс істейді. Бос уақытында өзінің сүйікті ісі - суретке түсірумен айналысады. Бұл да - жақында шаңырақ көтерген жас жігіт үшін қосымша табыс көзі.
 
Гордей Трищенков, І топтағы мүгедек:
 Қай кезде де қиындық болады. Бірақ, оны жеңе білу керек. Сау болсын, мүгедек болсын, адам алға басқаны жөн. Бұл әрине, еселі еңбекпен келеді.
 
Қайраттың да тағдыры көрген жанды бей-жай қалдырмайды. Ол туабітті жүрек талмасымен ауырады. Алғашында зейнетақысына күн көріп келген Қайрат қазір мемлекеттік қызметкер.  Облыстық Әлеуметтік басқармасының іс жүргізушісі.
 
Бұған «Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында көтерілген мәселенің, жергілікті жерде жүзеге асуы себеп болды», дейді өзі.
 
Қайрат Кенжеғарин, III топтағы мүгедек:
Бірде теледидардан Президенттің Жолдауын тыңдадым. Онда кемтар жандардың қоғамның толыққанды мүшесіне айналуы қажеттігі жөнінде айтылды. Содан соң жұмыспен қамту орталығына келіп, құжаттарымды өткіздім. Көп ұзамай  осында қызметке қабылдандым.
 
Өмір - күрес. Бітпейтін күресте мүгедектігіне қарамастан, көбіне жеңіске жетіп, кейде итжығыс түсіп жатқан осынау жандардың төзімділігі мен табандылығы - көпке үлгі.
 
Нұрбек БЕКБАУ
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу