Қостанай облысы: Дружба ауылының мектебі апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Дружба ауылының мектебі апатты жағдайда тұр

13.06.2014
Қостанай облысы: Дружба ауылының мектебі апатты жағдайда тұр
Қостанай облысындағы Дружба ауылының балалары биылғы оқу жылын жартылай қираған мектепте аяқтап шықты.
 
Салынғанына жарты ғасырдан астам уақыт өткен ғимарат осы күнге дейін күрделі жөндеу көрмеген.
 
Бала санының аздығынан тең жартысы қаңырапбос  тұр. Бос қалған жағының есік-терезесі жоқ. Бірақ, облыстық Білім басқармасындағылар  бұл білім ошағын апатты жағдайда деп санамайды.
 
Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Дружба ауылы дүрілдеп тұрғанда бұл жерде тұтас білім ошағының қалашығы болған. Мысалы, мына мен тұрған спортзал. Ал оған қарсы бетте балабақша орналасқан. Бір бүйірінде негізгі мектептің ғимараты болды. Онда 60-қа жуық бала оқыды. Қазір негізгі мектеп жабылды. Оның орнындағы бастауыш мектепте 11 бала оқиды. Ал, ғимараттардың бәрі апатты жағдайда тұр.
 
Дружба ауылы - Қарасу ауданына қарайды. Бала санының азаюына, жұрттың жұмыс таппай, бұл жерден үдере көшуі себеп. Соның кесірінен мектеп ғимаратына да көп көңіл бөлінбей, адам көргісіз күйге түскен.
 
Гүлжан Қарабаленова, Дружба бастауыш мектебінің директоры:
Төбеден су ағады, тақтайлар қисайып кеткен,төбесі  құлағалы тұр. Апатты жағдайда.
 
Мектеп директоры шарасыздықтан күледі. «Үш жыл бойы тиісті орындардың табалдырығын тоздырдым, еш нәтиже жоқ», дейді өзі.
 
Ересек  балалар 10 шақырым жердегі Айдарлы ауылына қатынап оқиды. Бірақ, оқушыларщды таситын көліктің жүргенінен тұрғаны көп. Бірде жол, бірде жанармай болмайды.  
 
Михаил Катаев, оқушы:
Қаңтар, ақпан айы бойы сабаққа барған жоқпыз. Екі-үш күн ғана оқыған шығармыз. Үшінші тоқсан толық мектеп есігін ашпадық десек болады.
 
Қаратай Байғазинов, Дружба ауылының тұрғыны: 
Қысты күні жол жоқ. Жолды тазартпайды. Балалардың қатынауы қиын.
 
Білім басқармасындағылар ресми түрде Дружба мектебі апатты жағдайда, деп саналмайтынын айтады. Әйтсе де тамшы аққан төбені биыл бүтіндейміз, деп отыр.
 
Әлмағанбет, Қостанай облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
Ағымдағы жылда мектеп ғимаратында косметикалық жөндеу жұмыстары өткізілді. Оның ішінде ақтау, сырлау жұмыстары. Төбесін жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылды. Осы ағымдағы жылғы тамыз айында өткізіледі.
 
Қостанай облысы бойынша 105 мектеп күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл соның 14-ін қалпына келтіру үшін 3 миллиард теңге қарастырылған. Ал, Дружбадағы білім ошағы қайта қалпына келтіріле ме жоқ па, бұл жағы беймәлім. 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу