Айтуларынша, бәз біреулер жұлдызды қаладағы отандастарымыздан өтініш алынып, оларға арнайы категория бойынша еліміздің бес аймағынан жер учаскесі беріледі деген ақпарат таратқан.
Жергілікті билік тұрғындар арасында түсініспеушілік туғызған бұл хабардың жалған екенін мәлімдеді.
Таң қылаң бере қалалық әкімшілікке ағылған халықта қисап болмады. Ұзынқұлақтан естіген әңгіменің анық-қанығын білу үшін бүгін облыс орталығына келгендердің бірі – Зейнеп Нұриева.
Жиырма жылдан астам жұлдызды қалада тұрып жатқан ол «Байқоңырда тұратын қазақстандықтар үшін бөлек тізім жасалып, республиканың бірнеше аймағынан кезексіз жер беріледі», деген ақпарат қазір қаланың бұрыш-бұрышында, базарлар мен қоғамдық көлікте желдей есіп жүр, дейді.
Зейнеп Нұриева, Байқоңыр қаласының тұрғыны:
Байқоңырдың халқы бұрыннан естіген екен, бір-екі ай болыпты. Мен өзім, жеке басым бір аптаның көлемі болды. Біреулер айтады, «мына жерді береді екен де Байқоңырдан қуып жібереді екен», дейді. Екі күн демалыс беріп еді, соны пайдаланып барды салып жатыр Байқоңырдың халқы.
Ал жергілікті билік мұның жалған ақпарат екенін мәлімдеді. Бұл қауесет сәуір айында тарай бастаған. Осы уақытқа дейін бір жарым мың Байқоңырдағы қазақстандық азаматтан арыз қабылданыпты.
Мырзахмет Дүйсенбаев, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Мұндай жағдай қай жақтан, әңгіме қай жақтан тарағанын мен білмедім. Бірақ жалпы жер заңдылықтарында жер табыстау кезінде ешқандай жеңілдіктер немесе бір арнайы нелер қаралмаған. Сол себептен, ол мерзімінен тыс, кезектен тыс ешкімге де жер берілмейді. Байқоңыр азаматтарымен біз кездесіп, шамалы түсіндірме жұмыстарын жүргіздік.
Қалалық жер қатынастары бөлімінің мамандары бүгін Байқоңырдан келген 325 азаматтың өтінішін қабылдап алды. Өйткені заң бойынша әрбір қазақстандық тегін жер алуға құқылы. Алайда олар ортақ тізімге енгізіледі.
Гүлжан Қалтайқызы, тілші:
Жалпы, қазір облыс орталығында 41000 адам жер телімін алу үшін кезегін күтуде. Ал ел арасына тараған өтірік сөзге сеніп, облыс орталығына ат арылтып келіп жатқан азаматтардың саны күннен-күнге артып барады. Өкінішке қарай, жұртшылықты дүрбелеңге салған қауесетті кім таратқанын анықтау қиын болып тұр.
Гүлжан ҚАЛТАЙҚЫЗЫ