Оңтүстік Қазақстан облысында 69 миллион теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оңтүстік Қазақстан облысында 69 миллион теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті

11.06.2014
Оңтүстік Қазақстан облысында 69 миллион теңгеге салынған бөгетті су шайып кетті

Миллиондаған теңгеге салынған  бөгеттен қайран болмады. Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында  былтыр ғана тұрғызылған бөгет көктемгі селге шыдамай, бұзылып жатыр. 

 
 Қазір Боралдай өзенінің ағысы күшейіп, жағалаудағы елді мекендерге жақындап қалған. Қаратас және Ақжар ауылдарына қауіп төндіріп тұр.
 
Жамбыл облысының Жуалы ауданынан бастау алатын Боралдай өзені Бәйдібек ауданы арқылы ағады.
 
Көктем келсе тулай жөнелетін өзенді ауыздықтау үшін жергілікті билік өткен жылы қыруар қаражат бөлген.
 
Оған мердігер мекеме Боролдай өзенінің арнасын бұрмақ болып, үш жерден бөгет салған. Бірақ, 69 миллионға салынған құрылыс жылға жетпей жарылып, бетондарын су шайып кетті.
 
Тілләбек Өзбек, Қаратас ауылының тұрғыны:
Үш учаскеге бөліп істеген. Өздеріңіз байқасаңыздар, ауылдың жанына қарай жетіп қалды. Дамбаны жарып, 80 метрдей ауылға тағы жақындады.
 
Таудан түскен қиыршық тас ағын сумен өзеннің арнасын көтеріп, жағалаудағы Қаратас пен Ақжар ауылдарына жақындады.
 
Бөгеттің бір жылға да шыдамағанын мамандар биылғы жылғы су ағысының қатты болуымен түсіндіреді.
 
Мұхтар Қаратаев, Боралдай ауылдық округінің әкімі:
Негізгі беті бетонмен құйылып, нығыздалуы керек еді. Ал, жай қоя салған дамба Боролдайға шыдас бермейді.
 
Үш жерге тұрғызылған бөгеттен қазір жұрнақтар ғана қалған. Бөгеттердің бұзылғанын білсе де, мердігер мекеме әлі күнге дейін ат ізін салмапты.
 
Өзекті мәселені облыс басшылары да жақсы біледі. Арнайы комиссия құрылып, тексеру шараларын да жүргізген. Бар кемшілік,  судың қалыпты деңгейден көтерілуінен, құм жуылып, бетондар шөккен, деп түсіндіреді.
 
Көктембек Табылдиев,  Төтенше жағдайлардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру бөлімінің басшысы: 
Қайта жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Біздегі әр келісімшартта 5 жылға дейін мерзімі қойылған. Соған сәйкес қалпына келтіреді.
 
Ал, бөгеттер жарылған соң, құтқарушылар оның орнына топырақ үйіп тастаған. Десе де, мұндағы жұрт күзде тағы жауын-шашын болса, су тасқыны болуы мүмкін, деген үрейде.
 
Айнұр АҚБАЕВА

Хабарламаларға жазылу