Ауылдағы ағайынның көбі басқа жаққа қоныс аударып, мұнда небәрі 100-ге тарта түтін қалған. Еңсесі түсе бастаған халыққа ойламаған жерден тосынсый ұйымдастырылды.
Еліміздің беделді жоғары оқу орны саналатын Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары осы Березняковка ауылына барып, жұрттың көңілін бір марқайтып тастады.
Енді бұдан былай Березняковка ауылының атауы Аққайың деп өзгертілетін болады. Мұндай жаңартуды ауыл жұртымен кездесу барысында Астанадан арнайы барған Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары ұсынды.
Бұл бастаманы жергілікті халық қол соғып, қуанышпен қарсы алды.
Ауыл іші - өнер кеніші. Көп қазақтың көкейінде жүрген мәселе оңды бағытқа ойысқан соң, мектеп оқушылары қонақтарға арнап ән шырқады. Университет өкілдері де қалыс қалмай, өлең жырдан шашу шашты.
Төлеген Мұнаев, Березняковка орта мектебінің директоры:
Бұл кісілердің «ауыл - алтын бесік», деп, ауыл мектебіне қамқорлық көрсетіп жатқанына алғысым шексіз.
Кездесу аяқталар тұста зиялы қауым өз қаламдарынан шыққан кітаптары мен заманауи оқу-құралдарды мектеп ұжымына сыйға тартты.
Бұдан соң ғалымдар аудан орталығында жұртшылықпен жүздесіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тиімділігі туралы сөз қозғады.
Бауыржан Толысбаев, Экономика ғылымдарының докторы:
Ресурс тапшылығы көптеген мемлекеттерде пайда болып жатыр. Сондықтан, экономикалық қоғамда кәсіпкерлік орта, экономикалық бағытымыз дамуға зор мүмкіндік беріп отыр. Себебі, 150 миллионнан астам тұтынушысы бар бұл одақ Қазақстанның өнеркәсібінің, өндірісінің өркендеуіне мол мүмкіндік береді.
Жалпы, университет оқытушыларының ауыл жұртымен кездесулері мұнымен шектеліп қалмайды.
«Жаз маусымында өзге де шалғай жатқан ауылдарға ат басын бұратын боламыз»,- деді жоғары оқу ордасының ректоры Ерлан Сыдықов.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ