Қорғандағы қазақтар ана тілін үйренуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қорғандағы қазақтар ана тілін үйренуде

04.06.2014
Қорғандағы қазақтар ана тілін үйренуде
Ресейдің Қазақстанмен көршілес аймақтарының бірі - Қорған облысы. Екі елдің арасындағы барыс-келіс ешқашан тоқтаған емес.
 
Ал, Кедендік одақ құрылғаннан бері алыс-беріс ұлғайып,  әлеуметтік саладағы интеграция да жанданды. 
 
Қазір бұл өңірде 15 мыңнан астам қазақ тұрады. Қандастарымыз өз балаларына ана тілін үйретуге бар күштерін салып жүр. Ұлттық мәдени автономия жанынан сынып ашылып, жеткіншектерге қазақ тілі оқытылады.
 
Несіпгүл Бегімбетова, мұғалім: 
Облыстық қазақтар ұйымының көмегімен аптасына 2-3 рет сабақ өткіземіз. Оған 12 мен 20 жас аралығындағы жастар келеді. Қазақ тілі - біздің ана тіліміз. Оны білмесек, біз тарихымызды ұмыттық деген сөз.
 
Қорған облысындағы қазақтардың басын қосуға ұйытқы болып жүрген азаматтардың бірі - Әсет Биісов.
 
Өңірдегі мерекелерде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсетіп, қазақи болмысты паш етуге жанын салады. Сондықтан, оның Қазақстан мен Ресей қарым-қатынасына қосқан үлесі зор.
 
Әсет Биісов, Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының басқарма төрағасы:
Өңірде 14 ұлттық-мәдени автономия бар. Соның ішінде біздің ұйым, яғни қазақтар ең белсенді. Өйткені, біздің әр ауданда бөлімшеміз бар. Ұлтаралық келісімге, татулықты насихаттау үшін жұмыс істейміз. Ең бастысы, біздің артымызда Қазақстан деген іргелі ел бар екенін бәрі жақсы біледі. Сәйкесінше, біз де Қазақстанның атына кір келтірмейтіндей  жұмыс істеуге тырысамыз.
 
Әсет Биісов бизнес саласында еңбек етеді. Екібастұзда өндірілетін көмірді Қорған облысының әлеуметтік нысандарына өткізеді. Тек мәдени тұрғыда ғана емес, экономикалық байланыстардың да басы-қасында. Осындай іскерлік қатынастары арқылы қазақстандық тауарды Ресейге экспорттап жүр . 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу