Бұдан былай өзге қалаға сәлемдеме жолдау үшін немесе тапсырыс берген заттарыңызды алу үшін пошта бөлімшесіне барудың қажеті жоқ. Биыл елімізде алғаш рет постамат қызметі іске қосылмақ. Кәдімгі банкомат үлгісінде жұмыс істейтін аппарат пошташының қызметін атқарады.
Яғни, көшелерге орнатылған постамат арқылы сіз өзіңізге жіберілген затты аласыз немесе өзге қалаға жолдай аласыз. Постаматтар 24 сағат бойы жұмыс істейді.
Орталық коммуникациялар брифингіне келген «Қазпошта» басшыларының айтуынша, жыл соңына дейін Астана, Алматы, Қарағанды қалаларына жалпы саны 18 постамат орнатылады.
Мұрат Жарылқағанов, «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары:
Сізге тиесілі зат постаматқа келіп түскенде телефоныңызға смс хабарлама жіберіледі. Онда затыңыздың қай мекенжайға жіберілгені және арнайы код жазылады. Тәуліктің кез келген уақытында барып, осы код арқылы постаматты ашып, затыңызды ала аласыз немесе басқа қалаға жолдай аласыз.
Шынар АСАНҚЫЗЫ