Мемлекеттік қызмет бес бағыт бойынша реттелмек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қызмет бес бағыт бойынша реттелмек

29.04.2014
Мемлекеттік қызмет бес бағыт бойынша реттелмек
Елімізде дарынды балаларды дәріптейтін жаңа басқару жүйесі қолға алынады. Мұндай тәжірибе шетелде бар. Мәселен, Францияда бір мектептің директоры қарамағындағы жұмысшылардың арасынан әлдебіреуді дарабоз деп таныса, оның қызметін жоғарылату үшін жауапты министрлікке хабарлайды. Бізде де осындай жастарды қолдайтын, оларды қорғайтын үлгілі үрдіс енгізілмек.
 
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дәстүрлі жиында айтылған жаңалықтың бір парасы бұл. Мемлекеттік қызметтегі реформалар туралы агенттік төрағасы Әлихан Бәйменов баяндап берді.
 
Айтуынша, енді елдегі мемлекеттік қызмет 5 басым бағыт бойынша реттелмек. Мамандарды басқару қызметін кәсібилендіру, мемлекеттік қызметке іріктеу тетіктерін жетілдіру, сол жолда жемқорлыққа жол бермей, ел басқаратын тұлғаларды ашық сайлау арқылы тағайындау қажет.
 
Онан соң олардың жұмысын жөнді бағалап, кәсіби шеберлігін шыңдаған жөн. Айта кетейік, бізде 97 мыңдай мемлекеттік қызметші бар. Оның 54 мыңы аудан және ауылдық деңгейінде жұмыс істейді.
 
Әлихан Бәйменов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
Бұған дейін ауылдық деңгейдегі конкурстар формалды түрде өтетін, комиссия қағаз жүзінде ғана болды. Аудандық деңгейде ортақ іріктеу комиссиясы болғандықтан жаңа құбылыс пайда болды. Бұған дейін көзге ілінбей жүрген, еленбей жүрген ауылдық деңгейде жүрген азаматтар, тіпті облыстық деңгейге дейін лайықты деп бағаланып отыр. Ендеше әлеуметтік лифт жаңа деңгейде жұмысын бастады.
 
 
Әсем ИЗАТҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу