Елордадағы әскери әуе шеруіне 90 ұшқыш қатысады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы әскери әуе шеруіне 90 ұшқыш қатысады

28.04.2014
Елордадағы әскери әуе шеруіне 90 ұшқыш қатысады
Отан қорғаушылар күніне арналған әскери шеру биыл ерекше өтпек. Оған тартылатын техниканың тең жартысы өзімізде жасалған.
 
Мерекелік шеруге ұзын-ырғасы 300-ден аса әскери техника мен 3 мыңға жуық жаяу әскер жұмылдырылмақ. Шерудің ең әсерлі сәті ұшқыштардың жаңа ұшу элементтерін орындауында болмақ.
 
7-мамыр күнгі әскери шеруге байланысты еліміздің әуе күштерінің ұшақтары мен тікұшақтары Астана мен Қарағанды авиабазаларына көшірілген. Бүгін олар Астанада бірлескен үшінші оқу-жаттығу жиынын өткізді.
 
Барлығы 73 әскери әуе техникасы көкке көтеріліп, әртүрлі фигура жасап ұшты. Енді ұшқыштар осы ұшуларын мерекелік шеруде мінсіз орындап шығуы керек.
 
Нұрлан Байдуллаев, авиациялық база командирі:
Белгіленген уақытпен, белгіленген ара қашықтықты ұстап, бірінші жаттығуымызды өткіздік. Басшыларымыз кейбір кемшіліктерімізді айтты.
 
Бас-аяғы 90-ға жуық ұшқыш қатысады. Әуе қақтығыстарының элементтерін көрсететін ұшақты тіс қаққан, тәжірибесі мол мамандар тізгіндесе, тікұшақтар жас мамандарға сеніп тапсырылды.
 
Бағдат Омарбеков, ұшқыш:
7-мамыр күні 200 метр биіктікте сағатына 180 шақырым жылдамдықпен ұшып өтеміз. Сол әдістерді дәл қазір орындадық. Мереке күні қазақ халқының алдында абыроймен орындауға бар күшімізді саламыз.
 
Ұшқыштардың осалы жоқ. Бәрі еліміздің, қала берді әлемнің ең мықты деген жоғары оқу орындарын бітірген. Алдағы шеруге ең таңдаулы дегендері қатысады.
 
Мақсат Боратаев, 19/132 әскери бөлімінің идеологиялық жұмыстар және арнайы насихаттар жөніндегі аға офицері:
Әскери шеруге қатысатын ұшқыштардың моральдық және психологиялық жағдайлары өте жоғары. Олар арнайы психологиялық тестілеуден өткен. Осы ұшқыштар - еліміздегі әр әскери бөлімдердің үздік ұшқыштары.
 
Досымжан Ермұрат, тілші:
Бұл - темір қанаттылардың әуе кеңістігін тұмсығымен тіліп өтіп, жерге сәтті қонған сәті. Тапсырмалар ойдағыдай орындалды. Әскери авиацияның жігіттері жарады. Көргенімізден түйгенімізді айтсақ, 7 мамыр күні Астанадағы «Қазақ елі» алаңынан мықты әскери әлеуетімізді көріп, бір жасап қаларымыз анық.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ

Хабарламаларға жазылу