Семейдің оң жағалауы ауызсусыз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдің оң жағалауы ауызсусыз қалуы мүмкін

28.04.2014
Семейдің оң жағалауы ауызсусыз қалуы мүмкін
Семейде Ертіс өзенінің 4 шақырымнан астам жерін жедел бекіту қажет. Олай болмағанда, қаланың оң жағалауы ауызсусыз қалуы мүмкін. Гидролог мамандар мәселені 10 жылдан бері көтергенімен, ешқандай шара қолданылмаған. Соның салдарынан жыл сайын өзен арнасы кеңейіп, жолдар мен стратегиялық нысандарға қауіп төніп келеді.
 
Ертістің мына жағалауы су тасығанға дейін 40 метр әріде болған. Біртіндеп өзен арнасы кеңейіп келеді. Қазір қаланың оң жағалауын ауызсумен қамтитын ұңғымалар орналасқан аралды да су шаю қаупі бар.
 
Викентий Жұмағалиев, «Қазселден қорғау» ММ Семей аймақтық пайдалану басқармасының директоры:
Бүгінгі таңда Ертістің жағалауын шаюы соншалықты жылдам және қауіпті саналып тұр. Мұндай жағдайда қала сусыз қалады.
 
Қауіпті сейілту үшін тұрғын-үй комуналдық шарушылығы өткен жылы су жүйесі орналасқан арал жиегіне 69 миллион теңгеге бекіту жұмыстарын жүргізген болатын.
 
Жанат Шаймұратова, Семей қалалық Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің маманы:
Жұмыстар сапалы жүргізілді. Енді ол жерде ешқандай қауіп туындамайды.
 
Ал, «Қазселден қорғау» басқармасының мамандары болса, жағалауды жөндеуге кеткен қаржы суға аққанмен бірдей болды, деп отыр.
 
Викентий Жұмағалиев, «Қазселден қорғау» ММ Семей аймақтық пайдалану басқармасының директоры:
 Тасты машинамен әкеліп итеріп, құлатқан дүние. Бұл ешқандай бекітуге жатпайды.
 
Шайылып жатқан жағалау бұл ғана емес. Жалпы, қала бойынша Ертістің арнасы 4,5 мың метр аралықта біртіндеп үйлер мен маңызды нысандарға жақындап келеді Оның қатарында Шығыс, Мирный аудандары бар.
 
Ержан Жақып, тілші:
Бұл Мирный ауданындағы кезінде Ертіс жағалауын бойлай салынған тас жол болатын. Қазір жағалау біртіндеп құлап жолды су шайып кеткен.
 
Зейнеткер Николай Абромец болса осы Мирный ауданында 40 жылдан бері тұрады. Ертістің әр көктем сайын асау толқындары арнасын кеңейтіп келе жатқандығын көзбен көріп жүр.
 
Николай Абромец, қала тұрғыны:
 Өзен жағалауы бұрын мына жатқан жолдан бастап, 150 метр қашықта болған. Ал, қазір 50 метрге де жетпейді. Бұлай жалғаса берсе, мына үйлерді түгел су алып кетуі мүмкін.
Гидролог мамандар мәселені 2004 жылдан бері көтеріп, қала басшыларына бекіту жұмыстарын уақыт оздырмай жүргізу қажет екендігін сан рет ескерткен.
 
Алайда, 10 жыл ішінде талай әкім ауысқанымен, түйткіл сол күйі шешусіз қалуда. Жағалауды бекітуге жобалық-сметалық құжат дайын болғанымен тиісті қаржының жоқтығы қолбайлау болып отыр.
 
Ержан ЖАҚЫП

Хабарламаларға жазылу