Қалам Сүйіншәлиев - ғибратты ғұмыр кешкен ардагер - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалам Сүйіншәлиев - ғибратты ғұмыр кешкен ардагер

26.04.2014
Қалам Сүйіншәлиев - ғибратты ғұмыр кешкен ардагер

Қалам Сүйіншәлиев жау жағадан алғанда, жаспын деп отырмады. Қолына қару алып, ел қорғауға аттанды. Қару-жарақ пен азық-түлік тиеген вагондардың майдандағы жауынгерлерге жетуін қамтамасыз етті.
  
 Қария бүгін қонақтарды қарсы алуда. Жеңіс күніне орай облыс дәрігерлері соғыс ардагерлеріне ерекше көңіл бөліп, қал-жағдайын білуді жөн санапты. 90-ға таянса да ақсақал әлі өзін сергек сезінеді.
 
Айгүл Елемесова, №3 емхана дәрігері:
«Сізден жылу тарайды» деген акция өтуде. Акция бойынша біздер Отан соғысы ардагері Қалам ағайдың үйіне келіп, денсаулығын біліп жатырмыз. Бұл кісі біздің емханада егде жастағы адамдарға арналған мектептің мүшесі.

Қалам Сүйіншәлиев 18-ге толмай тұрып майданға аттанды. Қырағылық қазақтың қанында бар. Сондай қасиеттің арқасында әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің қатарына алындым дейді, қарт жауынгер.
 
Қалам Сүйіншәлиев, Соғыс және еңбек ардагері:
Дальномер арқылы ұшақтық алыстығын, биіктігін, жақындығын өлшеу бойынша байқау өтті. Соған үш жігіт шықтық. Біреуі грузин, біреуі еврей, біреуі мен. Сол арада мен алда болдым.
  
 Қашықтық өлшеуіш командирі ретінде елімізге ленд-лиз бойынша жеткізілген қару-жарақ, азық-түлікті әуе шабуылынан қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Елге оралғаннан кейін 60 жылға жуық білім саласында еңбек етіп, талай шәкіртті тәрбиеледі. Әлі күнге ол - тағылымдық кездесулердің құрметті қонағы. Қария еліміздің еңсесі биік болғанына мың да бір шүкіршілік айтады.
 
Қалам Сүйіншәлиев, Соғыс және еңбек ардагері:
Тәуелсіз еліміздің артықшылығын әлемге жариялап, көрсетіп жатырмыз. Біреулер Кеңес кезі керемет еді дейді. Мал ірі еді, колхоз, совхоз бар еді дейді. Біздің Тәуелсіздігімізбен салыстырғанда, оның бәрі түк емес.
  
 Ел басына күн туғанда қолына қару алған жауынгер бүгінде жеңістің жемісін көруде. Ұл-қыз өсіріп, немере-шөбере сүйіп отыр. Ардагердің ғибратты ғұмыры - өскелең ұрпаққа өнеге.
 
Рауан ДИӘЛИ

Хабарламаларға жазылу