Көкшетауда Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты техникалық институттың курсанты ауыр халде Ақмола облыстық ауруханасына жеткізілді. Институттағы қызметкерлердің айтуынша, түнгі кезекшілікте болған жас жігіт сағат 01.30 шамасында оқу орнының үшінші қабатынан құлаған.
Курсант - Астана қаласының тұрғыны. Оқыс оқиғаның салдарын арнайы тексеріс комиссиясы анықтауда. Оқуда озат, қатарластарының алды болған курсанттың бұған дейін психологиялық ауытқушылығы байқалмапты. Қазір ол ес-түссіз аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.
«Азаматтың ендігі өмірі қыл үстінде. Тіпті мүгедек болып қалуы да ықтимал», дейді дәрігерлер.
Дмитрий Чайков, Ақмола облыстық ауруханасында бас дәрігердің хирургия бойынша орынбасары:
Науқас бізге жедел жәрдеммен ауыр жағдайда жеткізілді. Анықталғаны - кеуде қуысы қатты зақымданған, көк бауыры езіліп кеткен. Сондықтан, оны алып тастауға тура келді. Халі мүшкіл. Біз қолымыздан келгенше бар көмекті жасауға тырысып бағудамыз.
Кендебай Райымбеков, Көкшетау техникалық институтының басшысының орынбасары:
Оқиға болғанда курсанттың қасында ешкім болмаған. Кезекші офицер басқа қабатты тексеруге кеткен. Сондықтан, нақты куәгер жоқ. Кесіп ештеңе айта алмаймыз. Себебін арнайы комиссияның анықтамасынан соң мәлімдейтін боламыз.
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ