Қостанай облысының Жангелдин ауданында Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының үш бірдей қызметкері жұмыстан босатылды. Олар санитарлық норманы бұзған дүкен иелеріне айыппұл салмағаны үшін осындай жазаға ұшырап отыр. Бірақ, жұмыстан босатылған қызметкерлер өздерін кінәліміз деп есептемейді.
Жанар Бимағанбетова кезекті тексеру кезінде ауыл дүкенінде санитарлық қорытынды құжаты жоқ екенін анықтайды. Алайда, оларға айыппұл салмайды. Тек акт толтырып, ескерту жасайды. Кемшілікті жоюға міндеттейді.
«Елбасының кәсіпкерлікті қолдау туралы тапсырмасын басшылыққа алдым», дейді өзі. Бірақ, прокурорлар мұны сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызу деп бағалады. Соңында ісі тәртіптік кеңесте қаралып, мекеме басшысының пәрменімен жұмыстан шығарылды.
Жанар Бимағабетова, Жангелдин аудандық Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының бұрынғы қызметкері:
Менің кінәм не, жыл бойы ешкім көрмеген кемшілікті көріп, оны жойғаным ба? Мен қандай сыбайлас жемқорлыққа жол бердім?! Түсініп тұрған жоқпын.
Сәуле Бәйменова, облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Бірден үш адамды жұмыстан босатты. Қаншама рет оларға егер айыппұл салғыларың келмесе, акт жазбау керек деп айтылды.
Яғни, кемшілік анықталып, хаттама толтырылса, Заңға сәйкес кәсіпкерді қалайда жазаға тарту қажет. Ал, бұл талапты орындамаған қызметкер кінәлі болып танылады екен.
Сәуле Бәйменова, облыстық Тұтынушылар құқын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы:
Біз Заңды алып қарадық. Бұрын мұндай жағдайда тек сөгіс жарияланатын. Қазір жұмыстан босатылады дейді.
Жанардан өзге екі қызметкер де дәл осындай себеппен қызметтен кеткен. Олар «Жұмыстан шығарылғанымыз аздай, осы оқиғадан соң досқа күлкі, дұшпанға таба болдық», дейді.
Жанар Бимағанбетова, Жангелдин аудандық Тұтынушылар құқын қорғау басқармасының бұрынғы қызметкері:
Жұрт сыбайлас жемқорлық десе, біреуден бірнәрсе алды деп ойлайды. Құжаттан қате кетті деп ешкім ойламайды.
Өздерінің кінәсыздығын дәлелдеу үшін бұрынғы қызметкерлер қалалық сотқа арызданған. Бірақ, сот талаптарын қанағаттандырмады. Енді олар облыстық сотқа аппеляциялық шағым жасаймыз, деп отыр.
Дәуренбек ӘБДІБЕК