Талапкер ауылына көмек көрсетілуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талапкер ауылына көмек көрсетілуде

19.04.2014
Талапкер ауылына көмек көрсетілуде
Су шайып кетер ме екен деп жиырма күннен бері жандарын шүберекке түйген Ақмола облысы  Талапкер ауылының тұрғындарына енді қауіп жоқ. Жергілікті атқарушы билік өкілдері осылай деп сендіріп отыр.
 
Қазір елді мекенде алдын алу шаралары әбден пысықталған. Сақадай сай 35 көліктің жүргізушілері ертелі-кеш тынымсыз жұмыс істеуде. Білектерін түрген атқамінерлер де күні-түні осында жүр. Ал, ауылдың өзендерге жақын жерлері тас-топырақпен көмкеріліп, бөгет салынып жатыр.
 
Талапкер ауылы Астананың іргесіне тиіп тұр. Есіл де елді мекендегі үйлердің есігіне жақын жерден есіп ағады. Бірақ, қауіпті жағдай өзеннің өзінен емес, саласынан төніп тұр. Оған көктемде еритін қалың қардың суы мен өзге де өзектерді қосыңыз.
 
Сөйтіп, үш аптадан бері дүрбелеңге түскен жұрт тілсіз жаудан құтқаруды сұрап, ауыл, одан қалды аудан әкіміне шығады. Атқамінерлер де асай-мүсейін асынып, ауылға дер кезінде жеткен.
 
Сағира Мұхтарова, Талапкер ауылының тұрғыны:
Күннің жаманы кетеді. Оған да жетерміз. Әсіресе, Бақбергеннің еңбегі енді қазір он тоғыз күн бойы суды кешіп жүр. Санап жүрмін. Сырттан көріп жатырмыз.
 
Әйтеуір, ауылдан үдере көшкен ешкім жоқ, әзірге. Рас, су басып қалады-ау дейтін қауіп бар. Алайда, жергілікті аудан басшылары оның алдын алып, ауылдың қақ ортасынан арық қаздырды. Айналасына бөгет тұрғызып, күні-түні тас, топырақ тасыды. Сол жұмыс тоқтаусыз жүруде, әлі.
 
Талғат Төлеков, Талапкер ауылының тұрғыны: 
Түнімен, күнімен ұйықтамай жүрген жігіттерге рахмет. Осыншама үйді, осыншама халықты аман алып қалды. Мына канал болмағанда негізі бәрі суда қалатын еді. Бұл судың екпіні де күшті болатын.
 
Көлшікке айналған суды ақырындап ауылдың ішінен арнайы көлік арқылы аулаққа шығаруда. Оған техника жетеді. Ал, қазір іргетасына су тиіп, бүлінген үйлердің шығындарын есептеу үшін арнайы құрылған комиссия елді мекенді кезіп, аралап жүр.
 
Бақберген Мәуленов, Целиноград ауданының әкімі:
Облыс әкімі Қосман Айтмұхаметов күнара осы ауылға келіп тұрады. Біз күн демей, түн демей халықтың жанында жүрміз. Міне, бүгінгі таңда су тоқтады, деп айтсақ та болады. Ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
 
Қазір ауылда 3 мың түтін бар. Кезінде 60-ақ үй болған. Енді, мұндай қауіп қайталанбауы қажет. Сондықтан, Есіл өзенінің сағасын кеңейтсек, келешекте су сонда ағады. Сөйтіп, ауылдың маңына да жетпейді. Осы бағытта бар күшімізді жұмсап, жұмыс істейміз, дейді аудан әкімі.
 
Алмат ӘБДІРАМАН

Хабарламаларға жазылу