Бүгін Алматы облысындағы «Көктал» әскери сынақ алаңында Қарулы Күштеріміздің бригада-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Сарбаздар дайындығын Қорғаныс министрі Серік Ахметов бағалады.
Барынша соғыс жағдайына ұқсатылған жаттығуда Аэроұтқыр әскерлерінің Алматы, Талдықорған, Қапшағай және Сарыөзек гарнизондарындағы сарбаздар жауынгерлік дайындықтарын пысықтады.
Ауқымды сынақтың ерекшелігі - бригада-тактикалық жаттығу тегіс дала төсінде ғана емес, қосымша қиыншылықтар тудыратын белгісіз таулы аймақта ұйымдастырылды.
Қорғаныс министрі Серік Ахметов әуелі тылдағы жағдайды барлады. Оқ пен оттың ортасында жүрген жасақты толықтай қамтамасыз ететін тылда командалық штабтан бастап, далалық наубайхана, техника жөңдеу базасы, дала моншасы орналасқан.
Министр тылдың тынысымен танысқаннан кейін әскери қолбасшылармен бірге шартты түрдегі соғысты бастауға бұйрық берді. Заңсыз қаруланған 400 жасанды жау еліміздің оңтүстік-шығысындағы тау бөктерін тасаланған.
Жауынгерлерге әуелі қарсыластың базалық лагерін қоршау, сосын жою міндеті тапсырылды. Жан беріп, жан алысқан шын соғысты елестетін бригадалық-тактикалық жаттығу «Құрық» деп аталды.
Дәулет Оспанов, ҚР Аэроұтқыр әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор:
Жауды төрт жағынан қоршап, алдымен танкілер, БМП-лар, одан кейін БТР-лармен жақындап жоямыз.
Ұшқышсыз-ақ ұшатын, тыңшылық қызметті атқаратын мына Skylark құрылғысы бүгінгі жаттығуда бірінші рет сынақтан өтті. Құрылғы күншілік жердегі жағдайдан мәлім беріп тұрған соң, сарбаздар жау тылына шабуылды үдете берді.
Зымыранды әскерлер мен артиллерия, танкі және мотоатқыш бөлімдері шешуші айқасқа араласты. Әуе қорғаныс күштері жойғыш ұшақтары мен тікұшақтары шартты жау нысанын қара түтінге бөктірді.
Әділбек Алдабергенов, ҚР Құрлық әскерлері Бас штабының бастығы, генерал-майор:
14 сәуірде басталған оқу-жаттығу 20-на дейін жалғасады. Төрт кезеңді сәтті аяқтаған бригада сарбаздары өздерінің жауынгерлік дайындықтарын толық көрсете білді. Асығып-аптығып, әбігерге түскен жоқ. Қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындады.
Дәурен Дариябек, тілші:
Қару мықты емес - қаруды еркін меңгерген сарбаз мықты. Бүгін қазақ жауынгерлері «Көктал» сынақ алаңында бес қаруды еркін меңгергенін дәлелдеуге тырысты. Сүт пісірім уақыттың ішінде жаудың шебін бұзды!
Дәурен ДАРИЯБЕК