Бүгін Астана жұрты жалпықалалық сенбілікке шықты. Жыл сайын ұйымдастырылатын тазалық күнінде қала күл-қоқыстан тазарды. Тал-терек отырғызылды. Бір жыл ішінде Астанада 20 мың түп ағаш егу жоспарланса, бүгінгі бір сенбіліктің барысында соның 7 мыңы отырғызылды.
Таң азаннан басталған сенбілікке бір мезгілде жүз мың адам жұмыла кірісті. Бұл - бас қаланың жыл сайынғы бұлжымас дәстүрі. Шаһарды көгалдандыру, тазалау жұмыстарын қала әкімінің өзі бастап берді.
Иманғали Тасмағамбетов, Астана қаласының әкімі:
Бұл дәстүрге айналған шара. Шара еңселі елордамыздың сәулеті мен сәнін арттыратын тазалығы мен тәртібін түзейтін ерекше үрдіс. Жалпы туған жерін, елін, сүйікті қаласын жақсы көретін адам осылай түсінеді ғой деп ойлаймын.
Астананы абаттандыруда халық қалаулылары да белсенділік танытты. Бұл күні олардың қолымен 400-ге жуық тал-терек отырғызылды. Сенбілікке қымбат көліктерін тастап, велосипедпен келгендері де болды. Қаланың экологиялық жағдайына бей-жай қарамайтындығын осылай білдіргісі келді.
Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Қалада адамдар велосипедпен жүрсе екен деймін. Өйткені, бәрі автобуспен, көлікпен жүруге үйреніп қалған.
Депутаттардың бұл күнгі киген киімі де бөлек. Әңгімелерінің ауаны да басқаша. Парламент қабырғасындағы қалыптарын бір сәтке ұмытты. Қалжыңдасуға да уақыт тапты, суретке түсіп те үлгерді.
Бірғаным Әйтімова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Бұл жерде шаршау мүмкін емес. Көңіл-күй сондай жоғары, ауызбірлікке толы. Сенбілік кәдімгі мереке күні тәрізді.
Кетпен-күрегін сайлап, сенбілікке шыққандардың арасында шетелдіктер де болды. Халықты ауызбіршілікке, тазалыққа үндейтін бұл шараны олар «үйренетін үрдіс» деп бағалады.
Аурелия Бушез, Еуроодақтың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі:
Еуропа халқы табиғатқа тым жақын болып келеді. Бірақ дәл сіздер сияқты бір кісідей жұмылып, тазалық жұмысына кіріскенді бірінші рет көруім.
Джон Ордвей, АҚШ Үкіметінің Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі:
Қырық жылдан бері 22 сәуірде біз «Жер күнін» атап өтеміз. Дәл сіздердегідей жұмыла жұмысқа кіріспегенімізбен, бір-бір ағаш отырғызуға тырысамыз.
Сенбілік барысында қаладан екі жарым мың тонна күл-қоқыс шығарылды. Жалпы аумағы 500 гектар болатын саябақ, гүлзар, 220 гектар көгалды алаң қоқыстан тазарды.
Тал егу жұмыстарының басы-қасында Нұрлан Қаппаров бастаған Қоршаған орта және су ресурстары министрлігінің ұжымы жүрді. Бұдан бөлек, қаладағы 8 жарым мың кәсіпорын атсалысты. Сондай-ақ, «Қазақстан» РТРК АҚ ұжымы да тазалық жұмыстарының бел ортасынан табылды.
Шынар АСАНҚЫЗЫ