Солтүстік Қазақстан облысында тасқын қаупі сейілер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында тасқын қаупі сейілер емес

17.04.2014
Солтүстік Қазақстан облысында тасқын қаупі сейілер емес
Петропавлдың іргесіндегі Заречный кентіндегі үйлер су астында қалуы мүмкін. Бұған қоса Атбасар, Астана жақта еріген қар суы Есілдің ағысына күш қосып, аудандардағы бірқатар елді мекендерге де қауіп төндіріп отыр. Осыған орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі су тасқыны қаупі бар аймақтарды тікұшақпен аралады.
 
Есіл өзені соңғы жылдары ернеуінен сәл ғана асқанымен, аса қауіп тудыра қоймайтын. Тіпті жергілікті тұрғындар өзен тасыса шөп қалың шығады деп қуанып та қалатын. Бірақ биыл қыста қар қалың түсті, әрі көктемде күннің күрт жылынуына байланысты біраз әбігерге салды.
 
Сағындық Сәбитұлы, тілші:
Менің ту сыртымда бұрқырап жатқан Ниагара сарқырамасы емес, бұл Сергеев қаласындағы су торабы. Қазір су қоймасы лық толып, ернеуі 140 сантиметрге жеткен. Ал тәулігіне бұл жерден 77 миллион текше метрге дейін су өтеді.
 
Облыс әкімі Самат Ескендіров пен Төтенше жағдайлар басқармасының басшылары Есіл өзенінің бойын тікұшақ арқылы аралап шықты. Ең қауіпті аймақ Покровка және Новоникольск ауылдары маңында байқалды. Бұл жерлерде су ауылға жақындап қалған.
 
Ерлік Қапанов, Шал ақын аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары:
Су 1 метр 38 сантиметрге көтерілген. Осыған байланысты Тараз қаласынан суда құтқарушылар келді. 10 адам, 2 техника. Новоникольск ауылына жыл сайын қауіп төнетін. Басқа ауылдарға аса қауіп жоқ. Судың бұдан да биік көтерілген жылдары болды.
 
Бұл - Сергеев қаласындағы су қоймасы. Қазір жағдай қалыпты, бірақ қауіп әлі алда дейді мамандар. Әсіресе Астана, Атбасар жақтағы шағын өзендер Есілге қосылып, ағын күшейді.
 
Самат Ескендіров, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
Қалқұтан өзені Есілге келіп құяды. Бір-екі күнде сол Атбасар жағынан келетін су бізге қандай зиян келтіруі мүмкін дегенді бақылап жүрміз. Жалпы айтқанда, штабтардың жұмысы жақсы жүргізілді. Биыл ешқандай үйге су тасқыны зиян келтірген жоқ.
 
Жалпы, облыстағы жағдай тұрақты. Алаңдауға негіз жоқ. Бірақ тасқын қаупі сейілген жоқ. Сондықтан штабтағылар өз жұмыстарын босаңсытпаймыз деп отыр. Өйткені, сақтанған адамның ғана, қауіптің алдын алары даусыз, дейді олар,
 
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу