Өскеменде қоғамдық көліктің жолақысы өспейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өскеменде қоғамдық көліктің жолақысы өспейді

17.04.2014
Өскеменде қоғамдық көліктің жолақысы өспейді
Өскеменде қоғамдық көлікте жүру билетінің бағасы төңірегіндегі дау-дамай басылар емес. Қазір билет құны - 60 теңге. Алайда жолаушы тасымалдаушылар тарифты 80-85 теңгеге дейін көтермекші. Олар осы туралы өтініштерін жергілікті билік өкілдеріне өткен жылдың соңында жазған.
 
Қалалық әкімдікте арнайы жұмыс тобы құрылып, мәселені қарауға кірісті. Бірақ, әлі күнге дейін қандай шешімге келгендерін айтқан жоқ. Олардың жауабын күтуден жалықтық деген қоғамдық көлік иелері соңғы екі-үш күннен бері қыр көрсетіп, қала көшелеріне автобустарының бір бөлігін шығармай қойды.
 
Осының салдарынан мыңдаған қала тұрғыны аялдамада автобусты ұзақ күтіп тұруға мәжбүр. Көлік келгеннің өзінде, халық барар жерлеріне әзер жетеді. Жақын арада қоғамдық көліктегі тариф мәселесі қалалық мәслихаттың сессиясында талқыланады.
 
Евгений Клейн, автопарк директорының орынбасары:
Жағдай қиындап кетті. Ай сайын қызметкерлеріміздің 15-20 пайызы жұмыстан кетіп қалады, себебі жалақылары төмен. Бізге, бәрі, жанармай бағасы көтерілген жоқ қой, деп айтады. Онымен келісемін, техникаға одан да басқа көп нәрсе керек. Қосалқы бөлшектер, доңғалақ, аккумулатор дегендей. Билет құнын көтермесек, біз мүлде тұрып қаламыз. 
 
Қазірге тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ. Қала ішінде қоғамдық көлік қозғалысын тоқтатпайды. Бәрі кесте бойынша жүре береді. Бүгін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осылай деді. Оның айтуынша, мәселенің байыбына бару мақсатында облыста арнайы комиссия құрылған.
 
Бердібек Сапарбаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Біріншіден, 1-ші мамырға дейін мораторий жарияланған. Тарифті көтеруге болмайды. Екіншіден, сол автобустардың шығынын қарауымыз керек. Шығындары қанша, басты себебі не? Алдымен осыны анықтауымыз керек. Өйткені, жанармай қымбаттаған жоқ. Ең негізгісі осы.
 
 
Берік КӨШЕРБАЕВ

Хабарламаларға жазылу