Шығыс Қазақстандағы Зырян қаласының тұрғындары Риддердегі жағдай өздерінде де қайталануы мүмкін деп қауіптеніп отыр. Естеріңізде болса, осыдан екі апта бұрын Риддер шаһарында шахтаның үстіндегі жекеменшік үй жер астына түсіп кеткен болатын.
Дәл осындай шахталар Зырян қаласының астында да көп. Қауіпті аймақтарда орналасқан және жыл сайын жерасты суларынан зардап шегетін үйлердегі тұрғындардың көбі басқа жерге көшірілген.
Алайда, арнайы комиссия шешімімен 8 жекеменшік үй тұруға жарамды деп танылған. Риддердегі оқыс оқиғаны көрген соң, олардың да бойларын үрей билей бастады. Тұрғындардың айтуларынша, қазірдің өзінде үйлерінің іргетасы жарылып тұр. Бірақ, жергілікті билік өкілдері, қауіптенуге ешқандай негіз жоқ дейді.
Галина Сидорова, Зырян қаласының тұрғыны:
Риддердегі жағдайдан соң ұйқыны ұмыттық. Көзді ашып-жұмғанша үлкен бір үй шахтаның шұңқырына түсіп кеткен еді. Біздің үйлер де сондай бос шахталардың үстінде тұр. Қауіпсіз жерге көшпесек, ертең кеш болама деп алаңдаймыз.
Нұрмұхан Оралбек, Зырян ауданы әкімінің орынбасары:
Риддермен салыстырғанда Зырян қаласындағы жағдай бөлек. Ол жақтағы шахталардың ішінде ешнәрсе жоқ, яғни қуыс болып тұрды. Ал біздегі ескі шахталардың барлығына жерасты сулары толып кеткен. Яғни, жер опырылып, үйлер шұңқырға түсіп кетпейді. Сондықтан, алаңдауға еш себеп жоқ деп ойлаймын.
Берік КӨШЕРБАЕВ