Болашақта Астанада бірде-бір саяжай болмайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болашақта Астанада бірде-бір саяжай болмайды

16.04.2014
Болашақта Астанада бірде-бір саяжай болмайды
Астана айналасында 17 мыңға жуық саяжай болса, болашақта оның бірде-бірі қалмайды. Қаланың бас жоспарында бау-бақшаны дамыту мүлде көзделмеген.
 
Керісінше барлық саяжайлар мемлекет қарамағына қайтарылып, орнына әлеуметтік-мәдени нысандар салынады. Бүгін қалалық әкімдіктегілер осы саяжайлар мен тұрғын үйлерді  қайтару тәртібін түсінідіріп, баспасөз мәслихатын өткізді. Әкімдіктің жауабы – біреу. Саяжай тұрғын үй санатына жатпайды. Сәйкесінше, оған төленетінн төлемақы көлемі өспейді.
 
Сандуғаш Серікбаева - 2006 жылы  қала іргесінен саяжай алғандардың бірі. Әкімдіктегілер саяжай орналасқан жерді мемлекетке қажет деп тапқан. Сот шешімімен оған 5 миллион теңгеге жуық төлемақы да ұсынған. Бірақ, саяжай иесі мұнымен келіспей отыр.
 
Сандуғаш Серікбаева қала тұрғыны:
Неге мені 9 баламен далаға шығарып тастап, үй салу керек?! Біздің талабымыз - жерімізді қайтарып берсін. Үйді өзіміз саламыз.
 
Бір кездері саяжай саны жағынан бірінші орында болған Астанада тек биылдың өзінде 750-ге жуық саяжай сүріледі. Дау-дамай болып, ел дүрлікпес үшін әкімдіктегілер бүгін түсініктеме берді.
 
Негізінде саяжай мен жеке түрғын үй екі - бөлек нәрсе. Оны шатастырмау керек. Жерді бағалайтын тәуелсіз ұйым бар, төлемақы солар бекіткен сомада төленеді.
 
Серік Оспанов Астана қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы:
Жерді мемлекет мұқтаждығына алу тетігі Заң шеңберінде жүреді. Жерді бағалауды арнайы лицензиясы бар тұлға немесе мекеме жүргізеді. Егер де солар жерді 3 немесе 4 миллион теңге деп бағаласа, біз оны мүлдем өзгерте алмаймыз.
 
Әкімдіктегілердің сөзінше, төлемақыға көңілі толмай жүргендер - кезінде сол саяжайларды арзанға сатып алып, тұрақты тұрып жатқандар.
 
Серік Оспанов Астана қалалық Тұрғын үй басқармасының басшысы:
Саяжай дегеніміз - тұрғын үй санатына жатпайды. Оны мемлекетке алуда тек төлемақы төленеді. Ал, саяжайдың орнына пәтер беру мүмкіндігі Заңда қаралмаған. Бүгінде саяжайға берілетін орташа төлемақы 4-5 миллион теңгені құрайды.
 
 Мирас Шекенов, Астана қаласы әкімдігі «Қалалық жылжымайтын мүлік» МКК директоры:
Мүлік иелерінің 80 пайыздан астамы ешқандай сот әрекетінсіз келісіп, төлемақыларын алады. Ал,20 пайызға жуығы сотқа жүгінеді. Бұл- заңды құбылыс. Барлығы Заң шеңберінде шешіледі.
 
Құзырлы орган басшылары барлық алынған жерлерге әлеуметтік нысандар салынады деп сендірді. Ал, Сандуғаш Серікбаева бастаған наразы топ одан әрі әділдік іздеп көрмек.
 
Дулат АБИБУЛЛАЕВ

Хабарламаларға жазылу