Ақтөбеде 500 саудагер наразылыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде 500 саудагер наразылыққа шықты

16.04.2014
Ақтөбеде 500 саудагер наразылыққа шықты
Ақтөбеде «Нұрдәулет» сауда үйінің сатушылары облыстық сот алдына жиналды. Олар орталықты жабу туралы шешімге қарсы. Осыдан алты ай бұрын Төтенше жағдайлар басқармасы мұнда өрт қауіпсіздігі сақталмағанын анықтаған болатын.
 
Бұзылды, деп танылған 15 ереженің бүгінге дейін 9-ы қалпына келтірілді. Ал, автоматты өрт сөндіру қондырғысын орнату үшін 6 айдан 1 жылға дейін уақыт кететін көрінеді. Орталық уақытша жабылғанның өзінде, сауда жасаушылар шығынға белшеден батпақшы.
 
Сауда үйінен тез тұтанғыш материалдар алынып тасталып, дабыл жүйесі қалыпқа келтірілді. Алайда, жертөледе сауда орындары болмауы қажет. Айналма есіктен өрт бола қалса шығу мүмкін емес, дейді мамандар. Осыны орындау үшін орталықты уақытша жабу туралы сотқа ұсыныс жолдапты.
 
Евгений Овчарский, Ақтөбе қалалық Төтенше жағдайлар басқармасының бөлім бастығы:
Өрт бола қалса адамдар жапа шекпеуі керек. Мұнда қаншама адам келеді күніне. Еліміздің басқа өңірлерінде болған жағдайды қайталамауымыз қажет.
 
Ал, автоматты қондырғы қою үшін сауда орталығы жабылады. Соның салдарынан барар жері жоқ 600-ге жуық саудагер жұмыссыз қалмақшы. Олардың дені - несие алып күн көріп отырғандар.  
 
Светлана Медко, кәсіпкер:
Мен банкрот болсам, несиені қалай жабамын?! Мен өзіммен бірге бірнеше адамды еңбекпен қамтып отырмын. Уақытша жабылса да қанша адамға шығын?! 700 ақтөбелік жұмыссыз қалады деген сөз.
 
Орталықтан тоқсан сайын 10 миллион теңгеден аса қазынаға салық түседі. Сондықтан, саудагерлер орталықты жабу туралы шешімді аппеляциялық сот алқасы өзгертер деп ойлаған. Бірақ, үміттері ақталмады.
 
Мадияр Қабыл, Ақтөбе қалалық әкімдігінің бөлім басшысы:
Барлық тараптардан мүдделі топтың өкілдерінен топ құрып, бұл мәселе бойынша жұмыс істеуге дайынбыз.
 
«Нұрдәулет» басшылығының әлі де болса кассациялық шағым түсіруіне он күні бар. Сондықтан, саудагерлер оған дейін жұмыстарын жалғастыра бермекші.
 
Әлия ТАЛАСОВА

Хабарламаларға жазылу