Шымкентте жаяу жүргінші өтетін аспалы көпір құлап қалды. Бадам өзеніндегі су деңгейі көтеріліп, өткелдің тіреуіштерін ағызып жіберіпті. Оқиға салдарынан қалалық су арнасының құбырлары да істен шықты. Сөйтіп, Сәуле және Қазығұрт шағын ауданының 5 мыңға жуық тұрғыны сусыз қалды.
Чапаев елді мекеніндегі аспалы көпірдің құлағанына үш күн болды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, сол күні нөсерлі жаңбырдан Бадам өзеніндегі су көбейіп, өткелді шайып кеткен. Көпірдің астымен өтетін су құбыры да жарылған.
Әзірге жергілікті билік құбырлардағы ақауды уақытша жөндеп, халыққа су берілуін қамтамасыз етті. Алайда, көпірдің жуық арада жөнделетін түрі жоқ. Үлкендер жағы апатты көпір арқылы амалдап, ары-бері қатынауда. Ал, арғы бетке қатынап оқитын жеткіншектер мектепке бірнеше шақырым айналып баруға мәжбүр.
Диана Әбдірайымова, оқушы:
Осы көпірмен күнде өтетінбіз. Қазір өте алмай, автобуспен айналып жүрміз. Інім, сіңлім де бар.
Апатты жағдайдағы көпірдің кез-келген уақытта опырылып, өткіншіні майып етуі әбден мүмкін. Ата-аналар балаларының сабаққа уақытылы бара алмайтынына алаңдаулы. Өткелді тезірек жөндеп берсе, дейді.
Сейітмұхамбет Әбдірайымов, Чапаев елді мекенінің тұрғыны:
Бала-шағамызды автобуспен апаруға мәжбүр болып отырмыз. Айналма жол арқылы барған соң, сабаққа кешігіп қалады.
Қала басшылары болса жағдайдан хабардар. Алайда, көпір иесіз. «Біздің қарауымызға кірмейді», дейді. Айтуларынша, жергілікті тұрғындар кезінде өз күштерімен асарлап салған екен. Содан бері ешбір жөндеу көрмей, жарамсыз күйге жетіпті.
Нұрлыбек Жеңісбек, Шымкент қаласы әкімі аппараты баспасөз қызметінің жетекшісі:
Ол көпірді жеке кәсіпкерлердің қолдауымен қайта жөндеп беруге ниеттіміз.
Шаһар шенділері ауа райы қолайлы болса, жөндеу жұмыстарын бастап кетпек. Бірақ, нақты уақыты әзірге белгісіз. Сондықтан, көпір маңында тұратын тұрғындарға тағы күте тұрудан басқа амал қалмай тұр.
Айнұр АҚБАЕВА