Солтүстік Қазақстан облысында 559 кембағал жан жұмысқа орналасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында 559 кембағал жан жұмысқа орналасады

16.04.2014
Солтүстік Қазақстан облысында 559 кембағал жан жұмысқа орналасады
Солтүстік Қазақстан облысында биыл мүмкіндігі шектеулі 559 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Олардың 375-і - жұмыс берушілердің тапсырысы бойынша қабылданады.
 
Бұл жөнінде  Мәжілістің Әлеуметтік- мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында мәлім болды.
 
Парламент Мәжілісінің вице-спикері Дариға Назарбаева бастаған деупаттар тобы Петропавлда «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2012-2018 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру» тақырыбы бойынша көшпелі отырыс өткізді.
 
Жиын барысында елде атқарылып жатқан істер сараланып, жаңа бағыттар талқыланды. Мұндай жиындардың аймақтарда өткізілуінің пайдасы зор болмақшы. 
 
Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары: 
Осы жерде көтерілген мәселелерді ол жақта да көтереміз. Одан кейін Мәжіліс Үкіметке өз ұсыныстарын береді. Біз халықпен жүздесіп, өзіміз келіп көрмесек, түбін түсінбейміз.
 
Сәлімхан Сәбитов - жоғары оқу орнының студенті. Бүгін Мәжіліс депутаттарына өңірде мүгедектерді қолдау бойынша атқарылып жатқан игі істер туралы айтып берді. Тірек-қимыл аппараты зақымданғандықтан, жүріп- тұруы қиын. Сондықтан, тағдырластары секілді оны да қоғамдық орындарға кіріп-шығу қиындығы алаңдатады.
 
Сәлімхан Сәбитов, студент:
Қазіргі күні Петропавл қаласында пандустар салынып жатыр. Бірақ, көбінде нормативке сәйкес келмейді. Бұл туралы жиында айтылды.
 
Солтүстік Қазақстан облысында 8 медициналық-әлеуметтік нысан жұмыс істейді.   Онда жылына 1,5 мыңнан астам адам ем қабылдайды. Облыс әкімі Самат Ескендіров мүгедектерді еңбекке тарту да оңтайлы жүзеге асырылып жатқандығын атап өтті. Жыл басынан бері өңірде 217 адам тұрақты кәсіп тапқан.
 
Самат Ескендіров, облыс әкімі: 
Барлық саладағы объектілер мен қызметтер мүгедектерге қолжетімді болуы тиіс. Жұмыспен қамтылуы, оларды әлеуметтік қорғау және бейімдеу, ақпарат алу жүйесін жетілдіру мәселелерін шешуге бағытталған жоспар әзірленіп, іске асырылуда.
 
Дариға Назарбаева жиын соңында мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша қолдау көрсету қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы да мемлекет тарапынан жіті бақылауда болатындығын жеткізді.  
 
Сағындық СӘБИТҰЛЫ
 

Хабарламаларға жазылу