Ескі Қалқұтан ауылы су қоршауында қалды (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ескі Қалқұтан ауылы су қоршауында қалды (толығырақ)

15.04.2014
Ескі Қалқұтан ауылы су қоршауында қалды (толығырақ)
Ақмола облысы Астрахан ауданында 2007 жылы көктемгі тасқыннан бірнеше үй су астында қалған болатын. Араға жеті жыл салып барып осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. Аудан өңіріндегі өзен арнасынан асып, жақын маңдағы үйлерге айтарлықтай зақым келтірді. Қазір су екпінін арнайы мамандар бақылауда ұстауда.
 
 Ерболат Төлегенұлы, тілші:
Биыл мына Қалқұтан өзені қаһарына мінді. Арнасынан асып, өзенге іргелес жатқан Ескі Қалқұтан ауылын су басты. 21 үйге айтарлықтай зақым келді. Қазір оқиға орнында әкімшілік қызметкерлері мен төтенше жағдайлар   қызметінің мамандары жағдайды қалыпқа келтіру үшін жұмыс істеуде.
 
Осы ауылдың тумасы Василий Сичяренков жыл сайын ауа райының өзгеруін қойын дәптеріне түртіп алады екен. Оның жазбаларының ішінде су деңгейінің өзгеру көрсеткіші де бар. Ал биылғы ағын су деңгейінің жоғары болуын ол былай түсіндіреді.
 
Василий Сичяренков, Ескі Қалқұтан ауылының тұрғыны:
Орын алған жағдайдың басты себебі - өткен күздегі ылғал. Соның салдарынан жер көктемгі суды қабылдамай жатыр.
 
Кешегі Атбасардағы жағдайды ескере отырып тасқын болады-ау деген сақтықпен Ескі Қалқұтан ауылының тұрғындарын басқа жаққа көшіру ерте бастан қолға алыныпты. Алдымен аяғы ауыр әйелдер, қарттар және балалар қауіпсіз жерге көшірілген. Соның артынша-ақ күткендегідей апатты оқиға орын алып, ауылдағы үйлер мен жолдарға әжептеуір зақым келтірді. 
 
Талғат Ерсейітов, Астрахан ауданының әкімі:
Ескі Қалқұтанға баратын жолды республикалық бюджет есебінен қалыпқа келтіретін боламыз. Су басқан үйлер бойынша шығын көлемі анықталып, жұмыстар атқарылады.
 
Ауылдағы ахуалмен танысу үшін облыс басшысы Қосман Айтмұхаметов те осында келді. Әкім табиғат апатынан зардап шеккендермен кездесіп, оларға нақты көмек көрсетілетінін жеткізді.
 
Қосман Айтмұхамбетов, Ақмола облысының әкімі:  
Барлығын комиссия қарайтын болады. Егер баспана тұруға жарамсыз деген шешім қалданса, онда жаңасын саламыз. Жөндейтіндерін ретке келтіреміз. Шамалы шыдай тұрыңыздар. Ешкім баспанасыз қалмайды.  
 
Қазір тасқын қаупі біршама сейілді. Су деңгейі төмен түсіп келеді. Дегенмен сақтық үшін елді мекенде тәулік бойы төтенше жағдайлар қызметінің мамандары мен әкімшілік қызметкерлері кезекшілік етуде. Көп ұзамай ауылды қайта қалпына келтіру жұмыстары қолға алынбақшы. 
 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу