Құрлық әскері түнгі жаттығуын өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрлық әскері түнгі жаттығуын өткізді

15.04.2014
Құрлық әскері түнгі жаттығуын өткізді
Республиканың оңтүстік өңірінде құрлық әскерлерінің бригадалық-тактикалық оқу-жаттығулары басталды. Оған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері тартылды.
 
Оқу-жаттығу өткізілетін аумақта барлығы 2,5 мыңнан астам әскери контингент шоғырланды. Ауқымды сынақтың ерекшелігі - оқу-жаттығу жұмыстары дағдылы дала төсінде ғана емес, қосымша қиыншылықтар тудыратын белгісіз таулы аймақта ұйымдастырылды.
 
Ілгерідегі жаттығуларда қалқымалы әскери көпір тек күндіз құралатын. Енді бригадалық-тактикалық оқу-жаттығудың ең күрделі сатысы - түнгі ұрыста пайдаланылмақ. Шартты түрдегі жау әскері қараңғылық басқан, ұрымтал сәтті пайдаланып, кенеттен шабуылдауы мүмкін. Мұндайда әр командир өз бөлімшесін сауатты басқаруы қажет. Әскери шеберлікті анықтау үшін жаттығу түнде өтеді. 
 
Алмас Төлегенов, 32363 әскери бөлімінің гвардия капитаны:
Түнгі уақытта ұрыс жүргізудің мақсаты – «жау ұйықтамайды» дейміз ғой. Әр уақытта әр жақтан келіп қалуы мүмкін. Жауынгерлеріміз тек күндіз жылы кезде ғана ұрыс іс-қимылдарын жүргізуге емес күндіз де, түнде де, жылдың әрбір мезгіліне қарамастан орындауға дайын.
 
Қара түннің түңлігі түрілісімен барлау бөлімдері арнайы тактикалық шабуыл бастады. Оқу-жаттығу операциялары шынайы соғыс әрекеттеріне барынша ұқсас. Әуелі 30 БТР сауытты көлігі судан жүзіп өтіп, жаудың шебін бұзды. Алғы шеп диверсиялық күштермен жағаласып жатқанда пантомды көпір құралып, әскери колонналарды жетекке алу басталды.
 
Қанат Белгібеков, аэроұтқыр әскерлері қолбасшысының орынбасары:   
Енді қазір пантомды көпірмен 160-тан астам техникалар жатыр. Олар әрі қарай тоқтамастан «Көкталға» дейін барады. Қазіргі біздің құрлық әскерлері бас қолбасшысы тоқтамай, әрі қарай ұрысты дұрыстай беру керек.
 
Артиллерияның минометшілер батареясы жол анық көріну үшін аспаннан жарық жаудырып тұрды. Енді, Іле өзенінен дін аман өткен 2000 жауынгер мен 500 әскери техника таулы аймақта өтетін белсенді фазаға қатысады.   
 
Дәурен Дариябек, тілші:
Қазақстан Қарулы Күштері түн мезгілінде өзеннің арғы жағындағы жаудың шебіне ішкерілей ену әскери-оқу жаттығуын осылайша сәтті аяқтады. Бұл жылжымалы керуен енді «Көктал» сынақ алаңына аттанады. Қазақстан Қарулы Күштері күндіз де, түнде де халық үшін қызмет ете бермек!
 
Дәурен ДАРИЯБЕК
 

Хабарламаларға жазылу