Басты Жаңалықтар «Әз баба» атауымен тұңғыш қазақ смартфоны шықты

«Әз баба» атауымен тұңғыш қазақ смартфоны шықты

«Әз баба» атауымен тұңғыш қазақ смартфоны шықты
Қытайдағы  студент қандастарымыз тұңғыш қазақы смартфон жасап шығарды.  Бабаларымыз байырғы заманнан баршамен терезесі тең болған. Сондықтан бүгінгі техника заманында да ешкімге есе бермеспіз деген ниетпен жаңа жобаға «Әз баба» деп ат қойыпты. Бұл телефон  функционалдығы жөнінен әйгілі  смартфондардан еш кем түспейді.  Жас тапқырлар смартфонға қосымша жүз шақты қазақша бағдарламалар жасаған. 
 
Тапқырлар ең алдымен интернеттен сайт ашып, қазақ техникалық форумын құрған.  Мұнда  жас бағдарламашылар қазаққа қажетті деген бағдарламалар жасап, форумға салатын болған. Кейіннен андроид платформасын түгелімен қазақшаға аудару, одан соң қазақы смартфон жасау ойға келеді. Тәуекелге бел буған тапқырлар тобы алдыңғы жылдың жазында телефонның жобасын әзірлеп, ағымдағы жылдың 22 наурызында «Әз баба» маркалы тұңғыш қазақ  смартфонын тұтынушыларға ұсынады.
 
Талап Зәпір, Бейжің педагогикалық университетінің 4 курс студенті:  
Біздің бабаларымыз ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауды бағындырған. Мына дәуір енді, техниканың дәуірі. Қазақ тілінің сол техникада артта қалмауы бабалардың алдындағы борышымыз секілді көрінді. Сондықтан бұған «Әз  баба» деп ат бердік.
 
«Әз бабаның» тілі қазақша. Ішіне қосымша  20 ұлттың тілі енгізілген.   Қытайларда «Байду», Америкада «Google» болса, қазақтарда енді «Тінт КЗ»  атаулы іздестіру жүйесі бар. Бұл да «Әз бабаны» әзірлеу барысында пайда болған. Тек қазақ тіліндегі мағлұматтарды іздейді.  Қытайдағы қандастар жасағандықтан «Әз баба» төте жазу нұсқасымен әзірленген. Оны жалпы қазаққа ортақ құндылыққа айналдыру үшін тапқырлар қазақстандық замандастарын көмекке шақырады.
 
Бақытгүл Абылқасымова, Бейжің педагогикалық университетінің магистранты:
Қытай мен Қазақстан қазақтарының тек жазба емес, ауызекі тілінде де географиялық айырмашылық бар.  Екі жаққа тән диалектілерді ұштастырып, жалпыға ортақ , түсінікті тілдегі нұсқасындағы бағдарламалар жасап шығару ойымызда бар.
 
 Дәурен Бауыржанұлы, тілші:                                                                                               
«Әз бабаның» ішінде қазақтың салт-дәстүрлері,  әдет-ғұрпы, қазақ шежіресі секілді қазақылыққа тәрбиелейтін көптеген бағдарламалар бар. Мұның басты ерекшеліктерінің бірі - телефон кітапшасына жаңа контакт енгізгенде адамның аты-жөні, телефонымен қоса жүзі, руы, лақап аты секілді қосымша ақпарат сақтауға болады. Нағыз қазақы смартфон.
 
Тұңғыш қазақ смартфонының алғашқы 2000 данасы шығарылған. Олар екі аптаның ішінде түгелімен сатылып кетті. Енді авторлар «Әз бабаның» жаңа моделін ойластыруда.
 
 
Дәурен БАУЫРЖАНҰЛЫ
Бөлісу