Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы басталды

14.04.2014
Аэроұтқыр әскерлерінің бригадалық-тактикалық жаттығуы басталды
Қазақстан Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес, Алматы облысындағы аэроұтқыр әскерлердің бригадалық-тактикалық бірлескен оқу-жаттығуы басталды. Бұйрық берілісімен 500 техникаға мінген 2,5 мың сарбаз бүгін Іле полигонындағыұрыс алаңына аттанды.
 
Таңғы сағат 06.00. Дабыл қағылысымен сарбаздар сап түзеді. Алдымен шапшаң киініп, содан соң қару-жарақтарын сайлап, көліктеріне жүгірді. Әрқайсысы техникаларын тексеріп, ұрыс алаңына шығардағы дайындықтарын пысықтап алды.
 
Әділбек Алдабергенов, ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас штабы бастығының бірінші орынбасары, генерал-майор:
ҚР Қарулы Күштерінде тұңғыш аэроұтқыр әскерлерінің қатысуымен түнде су кедергілерін жоюға бағытталған жаттығу өтеді. Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен сарбаздар Алматыдан бастап, Жаркентте өтетін ұрыс аймағына дейін 300 шақырымды жүріп өтеді.
 
Қарсыласқа тойтарыс беруде сарбаздар жаттығуларды мүлтіксіз орындауы тиіс. Алдымен жорыққа шығып, жан-жақтағы жауды бақылап алады. Іле өзенін техникалармен жүзіп өтіп, жаудың бетін қайтарады. Десантшылар тікұшақтан парашютпен секіріп, заңсыз қарулы жасақтарды жояды.    
 
Асан Шайық, №38 десанттық шабуылдаушы бригадасының командирі:
Бүгінгі таңда аэроұтқыр қолбасшысының  жетекшілігімен  бригаданың штабы арнайы жауынгерлік дайындық өткізуге шешім қабылданған. Барлығының дайындығы өте жоғары деңгейде.
 
Ұрыс алаңы жайбасарлықты көтермейді. Сондықтан, сарбаздар барынша шапшаң болуға тырысып, ел шекарасының шебін жау қолынан азат етеді. Іледен басталған аэроұтқыр әскерлерінің ауқымды тактикалық жаттығулары «Көктал» полигонында сәуірдің 20-дейін жалғасады.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу