Атбасарда 400-ден астам үйді су алып кетті (толығырақ) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атбасарда 400-ден астам үйді су алып кетті (толығырақ)

12.04.2014
Атбасарда 400-ден астам үйді су алып кетті (толығырақ)
Ақмола облысы Атбасар қаласында су тасқынынан зардап шеккен үйлердің саны 400-ден астам. Үш күннен бері құтқару жұмыстары жалғасуда. Осы уақытқа дейін 450 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді.
 
Жабай өзенінің деңгейі 6 метрге дейін жеткен болатын. Бүгін 4 метрге төмендеді. Атбасарға Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев барды.
 
Үкімет басшысының бірінші орынбасары әуелі жағдайды әуеден бақылап көрді. Арнасынан тасыған Жабай өзені Атбасар елді мекенін басып қалған. Ол зардап шеккен адамдармен кездесіп, зақым келген үйлерді аралады.
 
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары:
Бүгінгі таңда 44 үй құлаған. Соны қалпына келтіру керек. Сондай-ақ, 195 үй су астында тұр. Тексерудің нәтижесі бойынша оларға көмек көрсетеміз. Ақмола облысында алты аудан суда тұр. Сол себепті біз республикадан қаржы бөліп, қысқа уақыттың ішінде үйлерді қалпына келтіруге бар күшімізді салатын боламыз.
 
Жалпы бұл аймақта жан-жақтан құтқару күштері жұмылдырып, сумен алысып жатыр. Соның салдарынан жағдай өткен күнмен салыстырғанда оңалған.
 
Арман Әбдіхалықов, Ақмола облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Қазіргі кезде біз үйлердегі мүліктерді шығарумен айналысып жатырмыз. Осы жерде төтенше жағдай министірлігінен 240 құтқарушы, 45 техника, 12 қайық және бір су соратын станция жұмыс істеуде.
 
Зардап шеккен тұрғындарға көмектесу үшін Атбасарда арнайы штаб құрылды. Бұл жерге көмек қолын созамын деп ниет еткен жандар киім кешектер тапсырып жатыр.
 
Биыл қардың шамадан тыс мөлшерде түсуі елімізде су тасқыны қаупін күшейтіп отыр. Қазір қарғын судың қаупі төнген аймақтар қатаң қадағалауға алынып, төтенше жағдайдың алдын алу шаралары жүйелі жүргізілуде.
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу