Атырауда апатты үйлердің орнына 300 жаңа пәтер салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда апатты үйлердің орнына 300 жаңа пәтер салынады

01.04.2014
Атырауда апатты үйлердің орнына 300 жаңа пәтер салынады
Атырау облысы Құлсары қаласының әкімдігі 2013 жылы шаһарда тозығы жеткен 78 тұрғын үйден біртіндеп арылып, олардың орнына қаланың шырайын келтіретін жаңа пәтерлер салуды қолға алды.
 
Әзірге, сараптама қорытындысымен апатты деп танылған 8 пәтерлі 8 үй сүріліп жатыр. Бұл үйлердегі тұрғындардың көбі өткен жылы жергілікті билік ұсынған уақытша баспанаға көшкен.
 
Алайда, 3 отбасы бұған қарсы болып, бас тартқан болатын. Себебі, әкімдік пәтер иелеріне тек уақытша тұрып жатқан үйлерін күтіп-ұстаудағы талаптар көрсетілген келісімшарт табыстаған. Құжатта болашақта салынатын жаңа үйден баспана берілетініне кепілдік нақты көрсетілмеген.
 
Галина Доилидтың отбасы әкімдіктің ұсынған уақытша баспанасына көшуге қарсы болған 3 отбасының бірі. Бүгінгі күні, ол жергілікті биліктің ұсынысын қабылдады. Заттарын жинастырып, уақытша берілген пәтерге қоныстанайын деп жатыр.
 
Себебі, сабыр сақтаған әйел жақында ғана бұрынғы үйінің орнына алдағы уақытта салынатын жаңа үйден пәтер берілетінін куәландыратын келісімшартты қолына алды.  
 
Галина Доилид, тұрғын:
Өткен жылы барлығы көше бастағанда, біз қалып қойдық. Апатты деп танылған үйде қыстап шықтық. Осы екі-үш күн бұрын ғана әкімдіктен сұрастырған келісімшартты алдық. Бойымызға сенім ұялады.
 
Тағы бір айта кететін жайт, апатты үйлердің бұзылуы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысына кедергі келтіруде. Себебі, бұл жерде жұмыс істейтін екі дүкеннің иелеріне үйдің бұзылатындығы туралы тек ауызша ғана айтылған. Біреуіне жер телімі бөлінді.
 
Алайда, дүкенінің құрылысы басталған жоқ. Оны демеушілер салады. Екіншісіне, әкімдік басқа дүкенді жалға алып берді. Бірақ, оның аумағы бұрынғысына қарағанда әлдеқайда тар. Ал,оларға өтемақы төлеу заң жүзінде қарастырылмаған.   
 
Талғат Шайпақов, кәсіпкер:   
Маған ешқандай хат, ешқандай ескертпе қағазы келген жоқ. Заң жүзінде келу керек қой. Мынау жұмыс істеп тұрған дүкен. Ауызша аудан және қала әкімімен келістік. Қазір, саудама кішкене кедергі болып тұр.
 
Жылыой ауданының әкімі болса, тұрғындардың алаңдауына ешқандай негіз жоқтығын айтады. Ал, кәсіпкерлерге қолдан келген бар мүмкіндікті жасаймыз, дейді.
 
Мақсым Ізбасов, Жылыой ауданының әкімі:                                                 
Олар қорықпасын. Осы үй салынатын жерден өз үйлерін алады. Біз бірнеше рет айттық. 1986 жылдан тұрғын үй құрылысы жүрмеген. Сондықтан бұған қуану керек, қолдау керек. Соған сенімді болсын.
 
Бұзылып жатқан үйлердің орнына келесі жылға дейін 60 пәтерлік, үш қабатты 5 үй салынады деп жоспарланған. Осылайша, шаһардағы апатты үйлердің тұрғындарын толықтай дерлік көшіруге мүмкіндік туады. Ал, уақытша баспана ретінде берілген 64 пәтер, кейін мемлекеттік қызметкерлерге қызметтік баспана ретінде беріледі. 
 
 
Батырбек ҚУАНДЫҚҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу