Қарағанды облысындағы Көкпекті ауылы маңындағы су бөгетінің бұзылуы салдарынан эвакуацияланған тұрғындар қазір өз үйлеріне қайта оралуда. ТЖМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, үйлерді су шайып кетті. «Кеше түнде жұрт шырт ұйқыда жатқан уақытта болған оқиғаның шығыны айтарлықтай көп», дейді мамандар.
Қазір оқиға орнында зардап шеккендер мен шығын көлемін анықтау жұмыстары жүргізілуде.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Өткен түнде 800-ден астам шаңырағы бар ауылда 300-ге жуық үйді су шайып кетті. Тұрғындар кеше түскі сағат 12-лер шамасында төтенше жағдайлар қызметкерлеріне хабар берген. Содан бері олар жергілікті билік өкілдерімен бірге жұмыс істеуде. Бүгін түске таман министр Владимир Божко келіп, мәселенің мән-жайымен танысты.
Владимир Божко, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:
Қаза тапқандардың саны 5 адам. Біз қазір іздестіру жұмыстарын жүргізудеміз. 2 үй құлап қалған. Тағы 100 үйге айтарлықтай зақым келген. Одан тыс көп үйге су кірген. Суға кеткен мал шығыны бар екенін де жасырмаймыз. Қазір ветеринар мамандар жұмыс істеуде. Құтқарушылар тобы ауыл ішіндегі суды ағызып жіберуге тырысуда. Барлық жерде байланыс жүйесі іске қосылды.
Қазір құрылған арнайы штабтың басшылығымен ауыл тұрғындарына жан-жақты көмек көрсетілуде.
Құрманбек Жұмағали, Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі:
Барлық күштік құрылымдар жұмылдырылды. Атқарылып жатқан жұмыстар облыс әкімінің жіті бақылауында. Әр үйді аралап, тұрғындарға көмексіз қалмайтындарын жеткізді. 26 азамат медициналық көмекке жүгінді. Барлық шығындар анықталады.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ