Белдік - жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Белдік - жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

29.03.2014
Белдік - жол қауіпсіздігін қамтамасыз етеді

Енді, елімізде жол апаттарының саны азаюы мүмкін. Астана қаласының тұрғыны Диана Әубәкір оқушылардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін арнайы белдік ойлап тапты. Қазірдің өзінде өнертапқыш қыздың туындысы бірқатар білім ордаларында қолданысқа еніп үлгерді.

 
Диана шет тілдерін оқыту орталығында жұмыс істейді. Ағылшын тілінің маманы. Бір күннің ішінде бірнеше топқа сабақ береді. Жас ұстаз үшін балалардың білімі маңызды, бірақ, одан бұрын олардың сырттағы қауіпсіздігі алаңдатады.
 
Диана Әубәкір, өнертапқыш:
Бірде мен жол апатының куәгері болдым. Түн мезгілі болатын. Көз алдымда қаршадай қызды бір көлік қағып кетті. Ал, көлік жүргізушісі жүргіншіні байқамағандығын айтып ақталады. Сол кезде ойыма оқушыларды осындай апаттардан аман сақтап қалудың тәсілі келді.
 
Көзге түртсе, көргісіз қараңғыда көлік жүргізушісінің жаяу жүргіншіні байқамауы ықтимал. Себебі, көліктің шамы бар болғаны 130-140 метр жолды ғана жарықтандырады. Ал, жолдың жиегіндегі адам мүлдем көрінбеуі де мүмкін. Қаперде, алдыңыздан шыға келсе, тежегішті басып үлгерудің өзі екіталай.
 
Ал, мына белдік кешқұрым уақытта жарықпен шағылысады. Сөйтіп, көлік жүргізушілері жолды кесіп өтпек болған немесе жол жиегінде келе жатқан оқушыны 400 метр ара қашықтықта көре алады. Ол үшін оқушы белдікті сөмкесіне былай жапсырып алса болғаны.
 
Бүгінде белдік патенттелді. Өнертапқыштың ойлап тапқан жобасын Ішкі істер департаментінің өкілдері де қызу қолдады. Тіпті, арнайы акция ұйымдастырып, 500-ден астам оқушыға сақтандыру белдіктерін тегін таратып берді.
 
Азамат Садықов, қалалық ІІД-нің Ювеналды полиция бөлімінің басшысы:
Мұндай белдіктердің қолданылуы жол апатын 6 есеге азайтуы мүмкін. Сондықтан, Ішкі істер министрлігінің бастамасымен арнайы акциялар ұйымдастырылды. Бұл акция енді тұрақты түрде өткізіліп тұратын болады.
 
Акция аясында сақтандыру белдіктерін алғандардың бірі Сәрсеновтер отбасы.
 
Дәрия Сәрсенова, қала тұрғыны:
Қызыма беріпті. Енді, мынау деген жақсы дүние ғой. Күніге теледидардан естіп жатамыз ана жақта апат болыпты, мына жақта біреуді қағып кетіпті деп. Қорқамыз.
 
Елімізде жыл басынан бері 1377 жол-көлік оқиғасы тіркеліпті. Оның 649-ы жаяу жүргіншілерді қағып кету, 174-і адамдардың рұқсат етілмеген жерден ал 70-і арнайы жолақтан өту кезінде болған.
 
Ал, мына белдік тығырықтан шығудың бір жолы ғана. Дегенмен, белдік бүгінде сатылымда жоқ. Жоба авторының айтуынша, оқушылар әзірше белдіктерді акция аясында тегін ала-алады. Ал, келешекте сақтандыру компаниялары арқылы тарату жоспарда бар.
 
Айдана ҮСЕНБАЙ

Хабарламаларға жазылу