Семей полигонының жабылғанына - 23 жыл - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семей полигонының жабылғанына - 23 жыл

29.03.2014
Семей полигонының жабылғанына - 23 жыл
Қазақстан – тәуелсіздігін алған тұста, ядролық арсеналы жағынан әлемде төртінші орында тұрған еді. Еншісінде 1150 дана ядролық зымыранды қаруы болатын. Бұл Ұлыбритания, Франция, Қытай үшеуін қосып алғандағы ядролық әлеуеттен де биік болған деген сөз. Десе де, Қазақ жұрты сұм қарудан өз еркімен бас тартты. Әлемге бомбамен емес, абыроймен танылуды таңдады. 
 
1949 жыл. 29-шы тамыз. Семей жері сілкініп сала берді. Кеңес елі - алғашқы атом бомбасын жарды. Не керек, сонау 1949 жылдан 1989 жылға дейін, даламызда 500-ден астам жарылыс болыпты.
 
Александр Осинцев, ҚР Ұлттық ядролық орталығы радиациялық қауіпсіздік және экология институтының бөлім басшысы:
Бұл жерде атмосфералық ядролық сынақтар жүрген. Ол сынақтар бірнеше түрден тұрады. Жер бетінде, жер астында жарылыстар жасалды. Мына біз тұрған жер П7 деп аталған. Бұл жерде көбінесе гидро-ядролық сынақтар жүрді.  Химиялық жарылыстар да жасалған.
 
40 жыл бойы үздіксіз жарылыстардың кесірінен, Семей топырағы әбден уланды. Мамандар шығыстағы ата-қоныстың табиғи қалпына келуі үшін кемінде 300 жыл керек дейді. Ал енді, осындай улы жерде күн кешкен, күні кешеге дейін бомбаның дүрсілімен оянған ол жақтағы ағайынның ахуалы қандай десеңші. Әлі күнге шығыс өңірде қатерлі ісік аурулары көп. Сол себепті өлім-жітім де жиі.
 
Дәулет Сейсенұлы, «Невада-Семей» қозғалысының мүшесі:
Саржал ауылының тумасымын. Сол елде алғашқы сынақ жасалған 1949 жылы дүниеге келдім. Қазір сол ауылда 60-тан асып, 70-ке жақындаған ақсақал жоқ.
 
Бұл зұлматтың қашанға дейін созылары беймәлім еді. 1991 жылы, Президентіміз, өз Жарлығымен әлемдегі ең ірі ядролық сынақ полигонын жапты.
 
Джон Ступ, Қазақстанның Бельгиядағы құрметті консулы:
Қазақстанның осы қадамынан кейін өзге мемлекеттер де мұндай қарудан бас тартуға көшті. Неге? Өйткені, Қазақ елінің басшысы өзгелер сынды биік мінбелерде бос сөйлеп, құрғақ уәдемен қатырмады. Арық сөйлеп, семіз шық деген қағиданы ұстанды.  
 
Қазақ Президентінің Семей полигонын жабу туралы шешімінен соң, АҚШ сенаты Невададағы сынақ алаңын тоқтата тұруға мәжбүр болды. Жақсылық жұғысты келеді. Бұдан кейін көптеген елдер, бомба жаруды біраз уақытқа тоқтатқаны бар. Десе де, 29-шы тамыз. Әлемде әлі де, Семей секілді жүздеген полигонның барын еске салатын күн.
 
Нұрбек БЕКБАУ

Хабарламаларға жазылу