Шағын бизнесті дамытуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шағын бизнесті дамытуда

29.03.2014
Шағын бизнесті дамытуда
Еліміздегі шағын және орта бизнесті дамытудың өз сыры бар. Кәсіпкерліктің ұтқыр көзін Алматы облысын мекендеген күрдтер қауымы тиімді қолға алды. Мемлекетке қол жаймай, азын-аулақ ақшамен кәсібін дөңгелетті. Есігінің алдынан шағын құс фабрикасын ашып, тума-туысты асырап отыр.
 
Шағын бизнесің болса, жұмыссыз отырмайсың. Қарның тоқ, нәпақаң көп. Ауласын құс фабрикасына айналдырған Хасан Байрамұлы бүгінде осылай мақтанады.
 
Әуелі көгершін баптауды жеке әуес көрген. Қазір бұл құстар салтанатты шаралардың көркін қыздырады. Бір кептердің құны - 15 мың теңге. Ал, 50-ден астам тауықтардың табиғи таза өнімі сұранысқа ие.
 
Хасан Хасымов, Алматы облысының тұрғыны:
Қазақстанда тұрып жатқаныма 42 жыл болды. Қазір экономикамыз қарыштап дамыды. Бұрынғымен мүлдем салыстыра алмайсың. Ұлтымыз бөлек болғанымен, жанымыз қазақ. Сондықтан, халықтың күн көрісін арттыруды көздеген мемлекеттің тиімді бағдарламаларына көңілім толады.
 
Еліміз бойынша күрдтердің жалпы саны - 50 мыңға жуықтаса, соның 21 мыңы Алматы қаласы мен облысында қоныстанған. Әсіресе, мал шаруашылығында мемлекеттен бөлінген субсидиямен өңір әлеуетін арттыруда. Қазір облыстың 25 пайызын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.
 
Князь Мирзоев, Қазақстан Халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Қазақстан күрділерінің «Барбанг» ассоциациясының президенті:
Елбасы Жолдауында айтылған межелерге жету үшін экономиканың қай саласында болмасын қажырлы еңбек етіп келеміз. Бұдан бөлек, мәдениет пен әлеуметтік мәселе әрдайым бірлікпен үйлесін тауып, мемлекеттік тілді қастерлеуді қолға алдық. Қазір арнайы қазақ тілін үйрететін орталық аштық.
 
Айгүл Ермахан, тілші:
Бұрынғы ертегі-аңыздарда құстар екі ел арасындағы елші, достықтың алтын көпірі іспеттес суреттелетін. Олай болса, бейбітшіліктің символына айналған менің қолымдағы ақ көгершін Қазақ елін мекендеген ұлт пен ұлыстың арасындағы татулық пен ауызбіршіліктің айқын белгісіндей.
 
Айгүл ЕРМАХАН

Хабарламаларға жазылу