Астанада дені сау 40 бала жалған құжатпен кемтар бүлдіршіндерге арналған оңалту балабақшаларында тәрбиеленіп келген. Ал, мүмкіндігі шектеулі жасөспірімдерге білім беретін елордадағы жалғыз мектеп талапқа сай емес. Бұл туралы осы саладағы біраз былықтың бетін ашқан прокуратура өкілдері мәлімдейді.
Бұл - Астанада кемтар балаларға арналған жалғыз мектеп интернаты. 20 жыл болды, 200 бала осы ғимаратты пана етіп келді. Сырты бүтін көрінгенімен, іші қарапайым талаптарға да жауап бере алмайды.
Оқушылар көктемгі демалыста болғандықтан, интернат іші тып-тыныш. 200 баланың 160-ы қатынап оқиды, яғни, ата-анасымен тұрады. Қалғаны - осы интернаттағы жетім балалар. Кембағал бүлдіршіндер бассейн, тренажер залдарын айтпағанда, жатын бөлмеге жарымай келеді.
Гүлмира Иманбаева, әлеуметтік педагог:
Жатын бөлме біреу-ақ болған. Біз сыныптан жатын бөлмені жасақтап қойдық. Интернатымыз үлкен болса, балалар жүгіріп ойнар еді.
Балалар үшін қарапайым ойын залдары мен демалатын бөлме де жоқ мұнда. Дімкәс 200 балаға ем көрсететін медициналық кабинеттің сыйқы мынау. Екі кісі әрең айналады.
Сәуле Райымбекова, медбике:
Басқа бөлме жоқ, осында отырмыз. Бізге изолятор, массаж кабинеті қажет.
Оңалту мекемесіне талап бойынша арнайы жарақталған медициналық блок керек. Көз, құлақ, жүйке ауруларын емдейтін мамандар қажет. Әзірге, жалғыз педиатрдан басқа дәрігерді мұнда емге таппайсыз. Осы сынды заңбұзушылықтарды прокуратура қызметкерлері қаладағы өзге оңалту мекемелерінде де анықтады.
Шолпан Көшенова, қалалық прокурордың аға көмекшісі:
Көпшілігінде медициналық-мемлекеттік лицензиялары жоқ. Сондай-ақ дәрі-дәрмекті сақтау бойынша, сатып алу заңдылықтары бойынша заңбұзушылықтар анықталды.
Заңды бұзғандарға қарсы әкімшілік іс қозғалды. Мұнымен кемшіліктің орны толмасы анық. Абзалы, кемтар балаларға кеңінен қолдау көрсету үшін бұл салаға қомақты қаржы бөлу керек, дейді мамандар.
Нұргүл САҒИТҚЫЗЫ