Гаагада өткен Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ президенті Барак Обама Ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті нығайту саласындағы ынтымақтастық туралы бірлескен мәлімдеме қабылдаған еді.
Енді АҚШ-пен бірлесе отырып, Семей ядролық сынақ полигоны аумағын одан әрі қалпына келтіру жұмыстары жандана түседі. Бұл келіссөзді «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменов «Полигон зардабын өз басынан өткерген ел ғана сезіне алады», деп құптады.
Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудың адамзатқа төнген қасірет екенін тағы да ескертті. Ядролық терроризм – халықаралық қауіпсіздік үшін ең үлкен қатердің бірі болып отыр.
Олжас Сүлейменов, «Невада-Семей» Халықаралық антиядролық қозғалысының президенті:
Нұрсұлтан Назарбаев пен Барак Обаманың кездесуі - Қазақстан үшін өте маңызды. Барак Обама Семей полигонындағы инфрақұрылымды дамытуға ұсыныс білдірді және антиядролық шараларды ілгерілету үшін инвестиция бөлуге келісті. Меніңше, Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ортақ жаратылыс, қарым-қатынас жаһанның бейбітшілігі үшін қызмет ететін болады.
Дәурен ДАРИЯБЕК