Басты Жаңалықтар «Нұр Отан» партиясынан 25 адам шығарылды

«Нұр Отан» партиясынан 25 адам шығарылды

«Нұр Отан» партиясынан 25 адам шығарылды

25 адам «Нұр Отан» партиясының мүшелігінен шығарылды. Барлығы - Ақмола облысының шенді-шекпенділері. Олар «Қанағат  қарын тойғызады» деген қазақы қағидаға қарсы шығып, жемқорлығы үшін жазаланғандар.

 
Бұл туралы Ақмола облысындағы жемқорлық мәселесі қаралған республикалық қоғамдық кеңестің отырысында белгілі болды.
 
Ақмола облысында жемқорлық қылмыстардың саны бірден 15 пайызға өскен. Бір өкініштісі, қазынаға қол сұққандардың 40-ы мемлекеттік қызметкер. Ал бұл фактіні 2012 жылғы алтаумен салыстырсаңыз, арадағы алшақтық  жаға ұстатады.
 
Бұған дейін жемқорлыққа қарсы іс-қимыл республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелері облысқа үш барып, ескерту жасаған. Бірақ, естір құлақ табылмапты.
 
Төлеген Ибраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
Үш жылдың ішінде ешбірі жауап бермеген. Мұның бәрі - Елбасының тапсырмасы. Өкінішке қарай, Ақмола облысында бұған қатысты жұмыстар атқарылмаған.
 
Халықтың қамын емес, нанын жегендердің ең көбі мемлекеттік сатып алу саласында қызмет еткен. 2012 жылы 14 іс әшкере болса, былтыр оның саны 37-ге жеткен. Екінші сатыда - жер қатынастары саласы. 2012 жылы 3 факті тіркелсе, 2013 жылы 8 факті анықталыпты.
 
Ал, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру барысында 17 рет жемқорлыққа жол берілген. Сол себепті бүгін облыстың 25 шенеунігі партия қатарынан шығарылды.
 
Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:
Бұл жерде басқармалардың, жер қатынастары бөлімдерінің басшылары бар. Сонымен қатар, Көкшетау қалалық Спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы бар. Аудан әкімдері жоқ.
 
Ақмола облысының атқамінерлері тұрғындардың өтініші мен арыз шағымдарына да немқұрайлы қарап келген. Тіпті, 55 тұрғынның өтініш хатына алты айдан бері жауап берілмеген. Сонда қателік кімнен кетті?
 
Қосман Айтмұхаметов, Ақмола облысының әкімі:
Мен осы облыстың әкімі болғандықтан, Елбасы маған сенім артқаннан кейін, қателік менен кетті. Мен ол жұмысты қолға аламын.
 
Енді облыс әкімі 17-сәуір күні әкімшілікте кеңестің арнайы отырысын өткізеді. Сонда осы мәселелер жан-жақты қаралып, біржақты шешім қабылданады. Нәтижесі Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Республикалық қоғамдық кеңесінің мүшелеріне баяндалатын болады.
 
Досымжан ЕРМҰРАТ
Бөлісу