Мүгедек жан протез жасаудың шебері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мүгедек жан протез жасаудың шебері

26.03.2014
Мүгедек жан протез жасаудың шебері

Алға қойған мақсатыңды іске асыру үшін алдымен сенім керек. Содан кейін құлшыныс та болады. Бұл - протез жасаудың шебері павлодарлық Владимир Копыловтың пікірі.

 
Ол тіпті артық жұмыс уақыты үшін қосымша қаражатты да талап ете бермейді екен. Себебі, сырқат жанның ішкі толғанысын, ауыртпашылығын сезіне алады. Өйткені, Владимир Копылов – II-топтағы мүгедек.
 
Жұмысқа ерте келіп, кеш қайту Владимир Копылов үшін күнделікті дағдыға айналды. Ол аяқ-қолы жоқ адамдарға протез дайындайды. Менің клиенттерім ұшуға талпынған балапан сияқты. Асығып келеді. Сондықтан, оларға протез емес, қанат байлап бергендей сезінемін,-дейді шебер.
 
Владимир Копылов, II-топтағы мүгедек:
Протез аяқ-қолды алмастырады ғой. Сондықтан, мейлінше жайлы болуы керек. Міне, тізеге таман күрделі қозғалмалы механизмдер бар. Солар дұрыс қойылса, аяқ-қолдың қозғалысы ширақ болады. Сырт көзге сезілмейді. Бірақ, адамдардың көпшілігі сән үшін емес, еңбекке аралассам, деген мақсатпен жасатады.
 
Қатарымнан қалмаймын, деп кезінде Владимирдің өзі де протез киді. Сегіз жыл бұрын дәрігерлер оның сол аяғын шорт кескен. Өйткені, қан тамырының қатерлі ісігі денеге жайылатын болды.
 
Жұмыс десе, жанып тұрған жас жігіт ота жасатқан соң бірден Мәскеуге барып, протез жасаудың қыр-сырын үйренді. Іле Павлодардағы ортопедиялық орталыққа жұмысқа тұрды.
 
Ермұханбет Иманов, III-топтағы мүгедек:
Протезді өзіне арналғандай істейді. Қажамайтындай, адамға жайлы қылып жасайды. Володяға мың да бір рахмет, алғысымды айтамын.
 
Владимир Копылов, II-топтағы мүгедек:
Көлік жүргізуге, биікке өрмелеуге протез аса қолайлы емес. Бірақ, билей жөнелгенде байқалмай қалатынына дау айтушылар бола қоймас. Сондықтан, ерінбей еңбек етемін, дейтін адамға протездің бөгеті жоқ. Тек жігер қажет.
 
Шекем терлеп, табыс табуды емес, мүгедектерге қолғабыс жасауды ойлаймын,-дейді Владимир Копылов. Сондықтан, уақытпен санаспай, тапсырысты аяқтағанша, тыным таппайды. Өз ісінің маманы деген осындай болса керек.
     
Болат АМАНБАЕВ

Хабарламаларға жазылу