Қазақта «Ұлыстың ұлы күнінде Самарқанның көк тасы ериді» деген нақыл бар. Бұл сөз қалай шыққан? Ғалымдар Наурызда Өзбекстандағы Ұлықбек обсерваториясындағы аспан денелері белгіленген үлкен көк тастың «еритінін» айтады. Яғни, қараңғы бөлмедегі көк тасқа арнайы саңылау арқылы Күн сәулесі түседі екен.
Бүгін осы көрші мемлекеттің Қазақстандағы елшілігінің ұйымдастыруымен Алматыда өзбек ағайын бас қосты. Салт-дәстүрі, діні ортақ, тілі туыс бауырлар ұлық мерекені ерекше ұлықтады.
Қай кезде де көңілді әуен, көрікті биімен көңілден шығатын өзбек ағайын, бұл жолы да жаңа жылды жаңаша қарсы алды. Қазақ еліне өзбек қылқалам шеберлері тамаша туындыларын тарту етіп, шығыс еліне ортақ мерекемен құттықтады.
Біздің елдегі нақты тіркелген өзбектердің саны 500 мыңнан асып жығылады. Соның басым бөлігі Алматыда тұрады. Қоғамның қай саласында болса да белсенділік танытып, қазақ елінің өркендеуіне сүбелі үлес қосып келеді.
Әсіресе, әсем табиғат пен ару қаламыздың көрікті жерлерін шығармаларына арқау етіп жүрген шығармашыл жандар бар. Солардың бірі - қылқалам шебері, ерлі-зайыпты Зухра мен Юнус Ибраимовтар. Ұлық мерекеге арналған бас мерекеге бірнеше картиналарын алып келді.
Зухра Ибраимова, суретші:
Алматыда тұрғанымызға 10 жыл болды. Табиғаты көркем, халқы мейірімді ару қала біздің шығармашылығымызды қанаттандырып, талпынысымызға шабыт қосты. Осында келгелі бейнелеу өнерінің әр жанрында 500-ге жуық шығарма әзірледік. Қазақ халқына деген құрмет пен ықыласымызды өз туындыларымызда көрсетуге тырысамыз.
Юнус Ибраимов, суретші:
Наурыз - иісі мұсылманға ортақ мереке. Адамзатты жақсылыққа бастап, ауызбіршілікке шақырады. Сондықтан осы жылқы жылында біз өз шығармашылығымызды татулық пен достыққа бағыттап, ата ғұрып-салтын насихаттауға арнаймыз.
Жыл жарыстыра аңсатып жететін Наурыз мерекесін өзбек ағайындар ерекше көңіл-күймен қарсы алды. Сонау өзбек жерінен Шахзода әнші келіп, көпке әсем әннен шашу шашты. Келер жылға молшылықпен жетейік деп ақ дастарханды ұлттық тағам -шашпа палау мен сүмәләк дәміне толтырып, Наурызнама тойына ақ тілектерін жаудырды.
Мереке аясында Шығыс архитектурасы, Алматының символы - алма, Алатау көріністерін бейнелеген - көлеңкелер ойыны көрсетіліп, Наурыз нақыштары құммен салынды.
Жазира ИСАЕВА