Шетелдегі қандастардың жағдайы қалай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шетелдегі қандастардың жағдайы қалай?

20.03.2014
Шетелдегі қандастардың жағдайы қалай?
Ресейдің Челябі облысында «Азамат» атты қазақ қоғамдық орталығы бар. Орталықтың мақсаты - сырттағы қандастамыздың тілін, дінін, дәстүрі мен мәдениетін ұмытпауына ықпал ету.
 
2003 жылы қалалық деңгейде құрылған қоғамдық бірлестік, 2007 жылы облыстық мәртебеге ие болды. «Азамат» орталығы бүгінде Челябі облысындағы барша қазақтардың басын қосатын құтты шаңыраққа айналып келеді.
 
«Азамат» қоғамдық орталығы 3,5  миллион адам мекендейтін Челябі облысындағы 34 мың қазақ өзін ұлт ретінде жоғалтпасын деген ниетпен құрылған. Орталыққа келетін негізінен ұлты қазақ студент жастар. Олар мұнда салт-дәстүрді, ұлттық мәдениетті үйренеді, ана тілін оқиды. Жастардың тәлімгері де оқытушысы да орталық төрағасы.
 
Қанат Сейтіков, «Азамат» қазақ қоғамдық орталығының төрағасы:  
Орталықта мен өзім оқытамын. Мұғалім жоқ. Оны әкелуге енді бізде орын тапшы.  Жай бір зал мен осы офис бөлме ғана. Оның өзін демеуші беріп отыр.
 
Әйтсе де талабы таудай жастарға бөлменің тарлығы кедергі емес. Осы уақытқа дейін «азаматтықтар» қазақтар көп шоғырланған аудандарда ұлттық нақыштағы бірнеше концерт беріп үлгерді.
 
Медицина колледжінің бірінші курсында оқитын Қаламқас Әлмұхамедова осындай іс-шаралардың бел ортасында жүреді. Орталықтың белсенді мүшесі. 
 
Қаламқас Әлмұхамедова, студент:
Мен өзім Қызыл ауданының Увальский ауылынанмын. Орталыққа келгелі қазақ тілін аздап үйрене бастадым, салт-дәстүр туралы да мағлұмат алып жүрмін. Ең бастысы бұл жердегілердің бәрі туған бауырымдай.
 
Алмас Ысқақов болса мұнда Қазақстанның Қарағанды облысынан келіп оқып жатыр. Атажұртта өскендіктен тілге жетік, өнерден де құралақан емес. Құрбы-құрдастырмен өз білгендерін бөлісуден жалықпайды.
 
Алмас Ысқақов, студент:
Қазақ тілінен бәрі сабақ оқиды, үйренеді. Білмегеніміз болса бір-бірімізге үйретеміз. Бір отбасы тәрізді жолдас болып кеттік.
 
Билік өкілдері жуырда қазақ орталығы ғимаратын салуға жер учаскесін бөліпті. Сондықтан келешекте бірлестік жұмысы жандана түседі деуге толық негіз бар.
 
 
Дәуренбек ӘБДІБЕК

Хабарламаларға жазылу