Түрксіб аудандық прокуратурасы Алматыдағы тұрақты орны жоқ адамдарға арналған жалғыз қалалық әлеуметтік бейімдеу орталығының жұмысын тиімсіз деп тапты.
Қадағалаушы органның мәліметінше, мекеме үй-күйі жоқ жандарды тек жатын орын мен 3 мезгіл аспен қамтамасыз еткен.
Ал оларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу жұмыстары қағаздан ары аспаған. Мұнымен де орталықтың былығы бітпейді.
14 жыл бұрын іргесі қаланған әлеуметтік бейімдеу орталығына мемлекет тарапынан жылына 124 миллион теңге бөлінеді екен. Алайда, бұрынғы басшылық бұл қыруар қаржыны өз мүддесіне жұмсаған.
Прокуратура мамандары анықтағандай, мекемеде келушілерге тиісті медициналық көмек көрсетілмей, дәрі-дәрмектер мен азық-түлік қымбат бағаға сатып алынған. Есесіне, медициналық қосында жұмыс істейтін жеті адамның арнайы сертификаты болмаған. Жалақылары да заңсыз өсірілген.
Ғалымжан Қонақбаев, Түрксіб аудандық прокурорының көмекшісі:
Түрксіб аудандық прокуратурамен арнайы ұсыныс егізіліп, заңбұзушылықты жою туралы қорытындысы бойынша сол мекеменің басшысы жұмысынан босатылып, жауапкершілікке тартылды.
Соңғы жылдары мекемеде баспанасы жоқ жандарға оңалту және бейімдеу жұмыстары мүлдем жүргізілмеген. Бұған орталық ашылғалы бері келіп-кеткен адамдардың бірде-бірінің екі қолға бір күрек таппағаны дәлел. Алайда, жаңадан тағайындалған басшылық мұның өз себебін түсіндіруде.
Бақытжан Жамбаев, Алматы қалалық белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығының директоры:
Бұл жерде жатқан азаматтардың 80-85 пайызы сотталып келгендер. Жұмысқа қабылдаушы адамдар сондықтан жұмысқа алмайды. Ал сотталмағандарының құжаттары жоқ. Олардың құжаттарын енді жасап жатырмыз.
Тегін дәлелдейтін құжаты жоқ, орталықта қазір көрші Ресейден 8, Моңғол елінен 1 азамат бар. Оларға қатысты тиісті орындарға хат жолданып, көмек күтілуде.
Алдағы уақытта мекеме басшылығы еңбек етуге қабілетті жандарды оқыту курстарынан өткізіп, тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді қолға алмақ.
Әйгерім МУСИНА