Мұқалмас жігер иесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мұқалмас жігер иесі

19.03.2014
Мұқалмас жігер иесі

Қос жанары бірдей көрмейтін көкшетаулық Мақсұт Фазылов - көкірек көзі ашық, санасы сергек жан. Мүмкіндігі шектеулі болса да, осы жасқа келгенше ешкімге алақан жайып, масыл болып көрген емес. Қолға алған тірлігін ұршықтай иіріп, өз күнін өзі көріп отыр.

 
1986 жылы тағдыр тауқыметіне тап болып, Мақсұт Фазыловтың   екі көзі көруден қалады. Сол кезде өзін өмірдің мәні мағынасыз болып кеткендей сезінгені де жасырын емес.
 
Алайда, мұқалмас жігері мен үміті алға қарай жетеледі. Тынбай талпынып жүріп, тігінші кәсібін меңгерді.
 
«Еңбек бәрін жеңбек», деген тіркесті жанына таяныш етіп, құлшыныспен тірлігін дөңгелетіп әкетті. Соның арқасында қазіргі таңда құрамында бірнеше жұмысшысы бар тігін фабрикасын басқарып отыр. Бүгінгі күннің жетегінде қалмай алға жоспарлаған межесі де бар.
 
Мақсұт Фазылов, І топтағы мүгедек:
Үй жиһаздарын жасайтын цех ашайық деп едік. Соған енді қаражат керек. Көкшетау қаласының кәсіпкерлеріне өтініш жасаймыз. Бізге көмек берсе.   
 
Тігін цехында қазір 23 адам еңбек етеді. Олардың 17- і көздері көрмесе де, қолдарының епшіл икемімен өз ісін жетік меңгерген жандар. Негізінен арнайы тапсырыс бойынша төсек жабдықтарын тігумен айналысады.
 
Михаил Алатько, І топтағы мүгедек:
Тапсырыс көбірек болса, әрине, күнде тапжылмай жұмыс істер едік. Алайда, қазіргі таңда тапсырыс аз. Тендерді кейде ұтамыз. Соған қарамастан, осында еңбек етіп жатырмыз.
 
Тендер бойынша кәсіпорын қызметкерлері былтыр 23 миллион 700 мың теңгеге тапсырысты орындап шығыпты. Ұжым мүшелері «Бұдан да биік межені бағындыруға мүмкіндігіміз бар», дейді.
 
Әрине, ол үшін тендерді ұтып, тапсырысты тақымыңа басуың керек. Елбасының биылғы Жолдауында мүгедектерді жұмыспен қамтамасыз етуге айрықша тапсырма беруі зағиптардың көңілдерін көтеріп, ертеңгі күнге деген сенімдерін нығайтып отыр. 
 
Ал әзірше цех басшысы Мақсұт Фазылов дайын тауарларын сауда нүктелеріне шығарып, қосымша табыс көзін ұлғайтуға ұмтылуда. 
 
Ерболат ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу